ПТР тестінің ең қымбаты 15000 теңге болса, ең төменгі баға 11500 теңге - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ПТР тестінің ең қымбаты 15000 теңге болса, ең төменгі баға 11500 теңге

16.10.2020

Коронавирустің бар-жоғын анықтайтын ПТР тестің құны 8870 теңгеден аспауы керек. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі осындай ұсыныс жасап отыр. Құзырлы орган отандық зертханалардың тестілеу процесін, қызметкерлердің қорғаныш құралдары мен еңбек ақысы, кірісі мен шығынына сараптама жасай келе ең минималды бағаны 8870 теңге деп есептеді. Агенттік осылайша антимонополиялық арнайы формула даярлап, жеке компанияларды ашық баға саясатын ұстануға шақырды. Алайда жеке сектордағы зертхана иелері бағаны төмендету ПТР тестілеудің сапасына әсер етуі мүмкін екенін айтады. 

Ерлан Сүлейменов, «ОЛИМП» клиникалық-диагностикалық зертханалардың бас директоры:
-Еліміздің көп аймақтарында зертхана өте аз. Біз осы тапқан табысымызды инвестициялап, зертханалар санын арттырып, жаңа жұмыс орындарын құрып, диагностиканың халыққа қолжетімділігін қамтамасыз еткіміз келеді. Оның үстіне қазір валюта құбылмалы. Диагностика жасайтын заттардың бәрін шетелден келеді. Шығынымыз көп. Баға мәселесіне келгенде осының барлығын ескеру керек. 
Серік Жұманғарин, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы: 
-Біз зертханалалық қызметтің нарықтағы орны туралы айтып жатқан жоқпыз. Бізді ол қызықтырмайды. Біз тек соның ішінде халыққа қажетті ПТР тестілеудің бағасы туралы сөз қозғап отырмыз. Сондықтан біз ұсынған формула да бәрі жан-жақты қарастырылған. Есептелген. Соны қарап, ортақ мәмілеге келгеніміз жөн деп ойлаймын. 

Естеріңізге салайық Президент Қасым-жомарт Тоқаев ПТР тестілеудің көлемін арттырып бағасын төмендету туралы тапсырма берген болатын. Қазір елімізде ПТР тестінің ең қымбаты 15000 теңге болса, ең төменгі баға 11500 теңге. Ал шетелдік жағдайды салыстыратын болсақ, ең арзаны Беларусияда 6600, Қырғызстан мен Румыния 10 мың теңге, көрші Ресейде 12600 теңге. Армения, АҚШ, Испания, Болгария, Украина, Франция елдерінде ПТР диагностика құны 21мыңнан асады. Ең қымбат баға Германияда 27000 теңге.

Раушан Сайлауқызы 

ПТР тест Коронавирус

Хабарламаларға жазылу