Қазақстанда коронавирус желтоқсан-қаңтар айларында қайта соққы беруі мүмкін. Бұл туралы бүгін елдің бас дәрігері мәлімдеді. Әлемнің көптеген елдері індеттің екінші толқыны басталғанын айтып жатыр. Ал елдегі бірқатар өңірде репродуктивті көрсеткіш нашарлады. Жауаптылар жағдай ушықса алғашқы кезеңдегі кемшіліктерге жол берілмейді деп отыр.
Коронавируспен ауырғандар енді жұқпайды деп арқаны кеңге сала алмайды. Антидене әрі кетсе 5 айға жетеді. Сол себептен, бас дәрігер желтоқсан-қаңтар айларында індет қайта күшеюі мүмкін деген болжам жасады. Оның үстіне ауру айтып келмейді. Бұрынғы қателіктер қайталанбауы тиіс. Жауаптылар қазір соған қамданып жатыр. Төсек-орын, дәрі-дәрмек тапшылығы толық жойылды. Барлық өңірде артық қор бар. Тестілеу тәулігіне 43 мыңға дейін жасалып жатыр. Көлемі тағы да ұлғайып, 63 мыңға дейін жеткізу жоспарда. Ал ПТР-тестілеудің ақысы 8900 теңгеге дейін арзандайды.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:-Шығын материалдары бағасының нарықта арзандауына байланысты Денсаулық сақтау министрлігі ПТР-тест тарифін 22 пайызға дейін арзандату бойынша ұсыныс әзірледі. Сонымен қатар жеке қорғаныс құралдары мен тест-жүйесі де арзандады. Ұсыныс мақұлданса, осы айдың соңына дейін тариф бекітіледі.
Оқу жылы басталғалы 184 оқушы вирус жұқтырды. Олардың жартысынан көбі үйде онлайн оқитындар арасынан анықталып отыр. Сондықтан ІІ тоқсанда оқыту форматы өзгеруі мүмкін.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:-Эпидемиологиялық жағдайға байланысты болады. І тоқсанға барып келгеннен кейін елдегі, сырттағы жағдайға байланысты шешім қабылданатын болады.
Дегенмен, қазіргі эпидемиалогиялық тұрақтылықты барынша сақтап қалу керек. Ауруханаға коронавируспен түсетіндердің саны 30 мыңнан асса қатаң карантин қайта енгізіледі. Қазір 2000-ның айналасында. Ал қазақстандық вакцинаны клиникалық зерттеулерден өткізуге дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ресми түрде рұқсат берді. Алғашқысы сәтті жасалды. Алда екі кезеңі бар.
Асима Нұрбайқызы, тілші:-Жалпы, әлем бойынша індетке қарсы вакцина әзірге жоқ. Саулық тек сақтықта. Сондықтан вирустың өрбу сценарийі халықтың өз қолында. Дегенмен, қазірдің өзінде бірқатар өңірде репродуктивті көрсеткіш нашарларды. Яғни, 1 науқастың өзгелерге жұқтыру өсімі көбейіп келеді. Тізімде Атырау, Жамбыл облыстары мен Шымкент, Нұр-Сұлтан қалалары бар.
Асима Нұрбайқызы