Қырғызстандағы министрлік Ақ үйден жоғалған 8 бейнелеу туындысын қайтаруды сұрап отыр

14.10.2020

«Ер кезегі үшке дейін». Қырғызстанда үшінші рет өткізілген отырыстан соң ақыры премьер-министр болып Садыр Жапаров тағайындалды. Жогорку Кеңеш депутаттары бүгінгі басқосуда Үкімет бағдарламасын, құрылымы мен құрамын да бекітті. Осыдан 4 күн бұрын Қырғыз Парламентінің кезектен тыс отырысында Садыр Жапаров Үкімет басшылығына бекітілген еді. Дегенмен, президент Сооронбай Жээнбеков кандидатураны қайта қарауды ұсынған. 

Бүгін өткен үшінші жиында ғана 83 депутат Садыр Жапаровтың премьер-министр лауазымына кандидатурасын қарап, бірауыздан жақтап дауыс берді. Экс-депутат Садыр Жапаровты Бішкектегі тәртіпсіздіктер басталғанда жақтастары түрмеден шығарып алған болатын. Билік саясаткерді 2013 жылы Құмтөр алтын кенішін мемлекет иелігіне алу талабымен митинг ұйымдастырды деген айыппен 11 жыл 5 айға бас бостандығынан айырған еді. Бүгінгі отырыста су жаңа премьер: «ешқандай да қылмыскер емеспін, саяси тұтқын болдым»,- дейді. 

Садыр Жапаров, Қырғызстан премьер-министрі:
-Тергеуге кеткенім саяси тапсырыс екенін қырғыз жұртшылығы білесіздер. Бір де бір факті болған емес. Егер мен шынымен қылмыскер болсам, премьер болайын, мемлекетті басқарайын демес едім. Шын айтқанда, мен қылмыскер емеспін, саяси тұтқындағы адам болдым. 

Жаңа премьерді жақтаған тұрғындар бүгін Парламент алдына тағы да жиналды. Ұрандатып, Садыр Жапаровты Үкімет басшысына тағайындау қажет деп үгіт жүргізді. Дегенмен, елдегі төтенше жағдайға байланысты көп адамның шоғырланып, шеру, митинг өткізуіне қатаң тыйым салынған. 

Жанар Ақаев, Жогорку Кеңеш депутаты:
-Саяси жағдайды тезірек тұрақтандырып, халық тағы наразылық білдірмеуі үшін бір ғана кандидатура ұсынылды. Депутаттардың 95 пайызы қолдады деп ойлаймын. Жапаров үшін дауыс беру керек пе деген екіұдай пікірде жүрген 3-4 депутат бары анық. Менің ойымша, оған мүмкіндік беру қажет. 2-3 ай жұмыс істеп, өзін көрсетсін. Егер батыл бастамалар іске асырса, оған тек қол шапалақтап, қолдау көрсетеміз. Ал баяғы сарынға көшсе, ол үшін оппозиция болып кетеміз. 

Мұндай бейберекетсіздікке енді бармайық деген атақты қырғыз актері, каскадер Нұрбек Болотов сол түнді өкінішпен еске алады. Бішкектегі қақтығыстар кезінде 11 рет қарудан жараланып, ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Аяқ-қолы сынып, қазір төсекке таңылып жатыр.

Нұрбек Болотов, каскадер:
-Бүлік басталған түні алаңда жастардың көптеп жүргенін көрдім. 19-20 жастағы өрімдей ұл-қыздар. Жарылыстар басталғанда көз алдымда бір жігіт құлап қалды. Қашыңдар, ақымақтыққа бармаңдар деп айқайлап жүргенімде өзім жарақат алдым. Көп қан жоғалттым. 

Түрлі жарақаттарымен жүздеген адам әлі ауруханада жатыр. Ал елдің Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі құнды жәдігерлер жоғалды деп дабыл қағуда. Бейнелеу өнерінің жауһары саналған 8 туынды Ақ үйден ұшты-күйлі жоқ болып кеткен. Тым болмаса, ұлттық құндылығымыздан айырылмайық деген қырғыз билік атақты қылқалам шеберлерінің еңбектерін қайтарып беруді сұрайды.   

Жазира Оразқызы







Қырғызстан Ақ үй

Хабарламаларға жазылу