Тұтынушылық кредит бойынша 5,5 млн-ға жуық қазақстандық банк алдында қарыз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тұтынушылық кредит бойынша 5,5 млн-ға жуық қазақстандық банк алдында қарыз

13.10.2020

Қазақстанда кредитін өтей алмай жүрген борышкерлердің саны артты. Соңғы бір жылда төлем мерзімі өткен несие өсімі 86 млрд теңгеге жеткен. Қарызын уақытында қайтара алмай қиналғандардың көбі - карантин кезінде табысынан қағылғандар. Бұдан бөлек банкке жөн-жосықсыз жүгінетіндер де жоқ емес. Президент жауапсыз несие беруді заң жүзінде шектеуді тапсырған еді.  Қарыз аламын деп қамығып жүрген елордалық тұрғын жүзін жасыруды сұрады. Ол банктен 1 млн теңге алған. 2 жыл бойы кешіктірмей берешегін өтеп келді. Сосын жол апатына ұшырап жұмысқа жарамсыз қалған. Карантиннің қыспағы тағы бар. Ал кредит төлемін банк кейінге шегеруге көнбеген. Керісінше ісін коллекторларға тапсырған. Борышкердің жалақысы мардымсыз. Алатын 80 мың теңгесі пәтер жалдаудан аспайды.  

Қала тұрғыны: 
-Мен банктен 1 млн теңге алғанмын. Оның 500 мыңын құйдым. Ендігі өсіммен қазір менде 1 млн 700 мың теңге.  

Тұтынушылық несие алғандардың 7 пайызы осы тұрғын сияқты қарызын қайтара алмай жүр. Яғни, төлем мерзімі өткен несиелердің өсімі 86 млрд теңге. Мұның негізгі себебі карантин. Бірақ, шектеусіз-ақ берешегін өтей алмай жүргендер осыған дейін де көп болған. Оған қарамастан банктер несие беруді азайтар емес. Биыл тамыздың өзінде тұтынушылық кредит рәсімдеу 33 пайызға артқан. Осы қарқын жалғаса берсе вирустың келесі толқыны басталған жағдайда қос тарап та тығырыққа тірелмек.   

Нұржан Биякаев, банк сұрақтары жөніндегі тәуелсіз сарапшы:  
-Бұдан нені көреміз? Айналып келгенде екі жақта кейін банктер де, борышкерлер де қолдау сұрап Үкіметке алақан жаяды. Ал қазіргі несие төлеу уақытын 90 күнге кейінге шегеру мәселені толық шеше алмайды. Басқа тетіктерін қарастыру керек.  

Енді қалағанның бәрі қарыз ала алмайды. Кейбіреулер тіптен иек артпаса да болады.  

Ерлан Сейілов, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі департаметі директорының орынбасары:  
-Кірісі күн көріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыз беруге тиым салынды. Әрбір банк және микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым кредит беру алдында қарыз алушының борыш жүктемесінің коэфицентінің есептеуге міндетті. Яғни, қарыз алушының ай сайынғы төлемі кірісінің жартысынан аспауы керек. 

Берешегі 90 күннен асып кетсе де кепілсіз қарыз алғандарға еш айыппұл салынбайды. Және несие тарихы бүлінбейді. Қазіргі таңда тұтынушылық кредит бойынша 5,5 млн-ға жуық қазақстандықтың банк алдында қарызы бар.  

Асима Нұрбайқызы, тілші:  

-Ал Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін Агенттік енді шекті мөлшерлемені азайту шараларын қарастырып жатыр. Яғни, бұдан былай қарыз алушының төлем қабілетіне қарай үстіндегі пайыздық мөлшерлемесі де өзгеріп отыруы мүмкін.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу