Санитарлық талаптарды сақтамағандарға ескерту жасалды

12.10.2020

Халыққа қызмет көрсету орындарында карантиндік талап қатаң сақталуы тиіс. Олай болмаған жағдайда нысан әкімшілігі жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалайды. Республика бойынша барлық нысандардағы санитарлық талаптың сақталуын қоғамдық бақылау мүшелерінен құрылған арнайы мониторингтік топ бақылайды. Енді олар рейдтік тексеріске жиі шығып, бас санитар дәрігердің қаулысын елемегендерге әкімшілік шара қолданатын болады. 

Бұл дәмхана меңгерушісі кіреберіске төселетін кілемшенің жоқтығын осылай түсіндіріп жатыр. Тексеру барысында кейбіреуі түрлі сылтау айтса, енді біреуі олқылықты қалпына келтіреміз деді. 

Алматы облысын аралаған қоғамдық бақылау тобының мүшелері бұл жолы ескерту жасаумен шектелді. Әсіресе, мұны карантин талаптары өрескел бұзылатын базар басшылары ескеруі тиіс. Келесіде қатаң шара қолданылып, ірі көлемде айыппұл арқалауы мүмкін. 

Бұл Шымкенттегі жағдай. Рейдтік тексеріс кезінде мобильдік топ қыз ұзату мен құдалық тойының үстінен түсті. Санитар мамандар карантиндік шектеуді елемеген той иелері мен мейрамхана қожайындарына қатысты әкімшілік іс қозғалатынын айтып, ескерту қағаз толтырды.

Шығыс Қазақстанда да коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында арнайы рейд жүргізілді. Мобильді топ кәсіпкерлік нысандарды аралап, белгіленген санитарлық нормалардың сақталуын тексерді. Талап бұзғандарға ескерту жасалды.  Түркістандағы дәмханада бәрі дерлік – даяшы, мейрамхана қонағы бетпердесіз жүр. Келушілерді отырғызуда арақашықтық сақталмаған. Кіреберісте антисептикалық сұйықтық қойылмапты.  

Шерәлі Әбдіраманов, Түркістан қалалық полиция басқармасы басшысының орынбасары:
-Түркістан облысы аумағында карантиндік шектеу шараларының ұзартылғанын, Түркістан қаласының тұрғындары мен қонақтарына ескертеміз. 

Таразда бас санитарлық дәрігер бекіткен қаулыны елемей ел-жұртты жинап, той жасайтындар тыйылмай тұр. Қаладағы мейрамханаларды аралап шыққан топ 10 заң бұзушылықты анықтады. Санитарлық талаптарды сақтамаған кәсіпкерлерге 15 млн теңге айыппұл салынды. 

Қуан Нұрақын


Санитарлық талап карантин Рейд

Хабарламаларға жазылу