Бішкекте 21-ші қазанға дейін төтенше жағдай режимі енгізілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бішкекте 21-ші қазанға дейін төтенше жағдай режимі енгізілді

09.10.2020

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков ел астанасы Бішкекте бүгіннен бастап төтенше жағдай режимін жариялады. Ал елдің ішкі істер министрінің орынбасары комендант болып тағайындалды. Сонымен қатар, мемлекет басшысы үкімет мүшелері мен премьер-министрді отставкаға жіберу туралы жарлыққа қол қойды. Жарлық бойынша, үкімет мүшелері жаңа министрлер кабинеті жасақталғанға дейін міндеттерін жалғастырады. Ал премьер қызметін Қуатбек Бороновтың бірінші орынбасары уақытша атқарады. Сооронбай Жээнбековтің өзі елдегі саяси жағдай тұрақталса, отставкаға кетуден қашпайтынын да мәлімдеді.

Қырғыз президенті Сооронбай Жээнбеков қызметтен кетуге дайын екенін, елдегі саяси жағдайдың әбден ушыққанын айтып, халыққа үндеу жасады. Ахуалды реттеу үшін қайтадан парламент сайлауын белгілеу керек, деді мәлімдемесінде. 

Сооронбай Жээнбеков, Қырғыз Республикасының Президенті:
- Мен үшін ешқандай қызмет мемлекеттің тұтастығынан, халықтың бірлігінен артық емес. Біз тездетіп құқықтық жолға түсуіміз қажет. Барлық саяси партияларды, халықты бөле жармай, елде бейбітшілік сақтауға шақырамын.

Елдегі бүліктен кейін премьер-министр қызметінен кеткен еді. Бұдан соң Жоғарғы кенеш депуттаттары Садыр Жапаровты үкімет басшылығына тағайындаған. Ал наразылыққа шыққан жастар Тілек Тоқтоғазиевті осы қызметке лайық көрді. Ал бүгін төрт партия бірігіп, премьер-министрлікке саясаткер Омурбек Бабановты ұсынды. Олар бұған дейін өзін премьер-министрмін деп жариялаған Садыр Жапаровтың әрекетін заңсыз деп атады.

Омурбек Бабанов, «Республика» партиясының жетекшісі:
-35-40 депутатты жинап алып, елді біз басқарамыз, жақтаушыларымыз бар деп шешім шығарып отыр. Бірақ, толқулардың барлығы осындай нәтиже үшін басталған жоқ. Бәріміздің жақтастарымыз бар. Халықтың басым бөлігі кімді қолдайды, сол сайлануы керек.

Билікке ұмтылғандар ымыраға келе алмай жатыр. Бүгін қала көшелеріне үміттілердің жақтастары жиналды. Ал Бішкектегі митингіге экс-президент Алмазбек Атамбаев та барып, жиналғандар алдында «Маған билік керек емес» деп мәлімдеді.

Алмазбек Атамбаев, Қырғыз Республикасының экс-президенті: 
-Атамбаевқа билік керек болса, екінші рет осы қызметте қалар едім. Маған елдің ынтымағы, елдің тыныштылығы, келешегі керек. 
Серік Нұрмұратов, философия ғылымдарының докторы: 
-Саяси күштер, саяси партиялар Қырғызстанда өте көп. Олардың билік басшылары келісімге келіп отырып, өздерінің ортақ шешімін жасауы керек. Сондықтан мынадай формада билікті өзгерту бұл дұрыс емес. Бұны тоқтатып, басқаша өзгерту, өркениеттік жолын іздеу керек сияқты.

Ел президенті Сооронбай Жээнбековтің шешімімен Бішкек аумағында бүгіннен бастап 21 қазанға дейін төтенше жағдай режимі енгізілді. Осы уақыт аралығында тұрғындар өз үйінен немесе уақытша тұрғылықты жерінен ешқайда шықпауы тиіс.

Нұрхан Нұрланұлы


Бішкек төтенше жағдай режимі

Хабарламаларға жазылу