Қарағанды мен Теміртау арасындағы 13 шақырым жол 6 млрд теңгеге шала жөнделген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды мен Теміртау арасындағы 13 шақырым жол 6 млрд теңгеге шала жөнделген

09.10.2020

Осыдан үш жыл бұрын құрылысы аяқталуға тиіс Қарағанды-Теміртау автобаны биыл да толық пайдалануға берілмеді. Әу баста өңір тұрғындарына қос қаланың арасын жалғайтын күрежол алты жолақты, бірінші санатқа жататын болады деп уәде айтылған. Алайда бетоны жарылған, жарығы жоқ сапасыз жолға тап болған жұрттың қуанышы су сепкендей басылды. Қазір құрылысқа жауапты мердігерлік компаниямен келісімшарт бұзылған.

Руслан Нұрланұлы, тілші:
Қарағанды мен Теміртау қалаларының аралығындағы небәрі 13 шақырым жолдың жыры жылдарға ұласты. Бюджеттің миллиардтаған қаржысы бөлінген магистральдың бетон жабындысы кепілдік мерзімі өтпей жатып сыр берді. Мердігер компанияны тапсырыс беруші тарап сотқа берді. Сот осы күнге дейін созылып келеді. 

«Нұрлы жол» бағдарламасымен бұл жолдың құрылысына жалпы 10 миллиард теңге қарастырылған. Соның 6 миллиард 900 миллионын ұтып алған қос мердігерлік компаниядан тұратын консорциум үш жыл бұрын жұмысты бастаған. Алайда төселген бетоны кепілдік мерзімі өтпей жарылып қалды. Алғашында сына болып түссе, күн өткен сайын арасы ашылып барады. Оның үстіне жол бойына электр жарығы да тартылмай қалған.  

Мәди Рахымбаев, қала тұрғыны:
Вибрация бар, соғып отырады. Сондай қатты жүре алмайсың бұл жерде. Сапасы нашар енді жолдың.
Иван Варкентин, қала тұрғыны:
Жолда жарық жоқ. Бұл бір. Екіншіден, мына бетондағы сыналардың кесірінен көлік шайқалады. Еріксіз басқа жолаққа ауысасың. 

Екі жыл бұрын автобанды жылжымалы жол зертханасымен тексеріп, бетоны не себепті жарылғаны тексерілген болатын. Мамандар 15 метр тереңдікке дейін жер қыртысын түсіре алатын георадардың көмегімен кеткен ақауларды анықтады. 

Қанат Шаймин, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ҚОФ директорының орынбасары:
Бетон салғаннан кейін олар бекіту жұмыстарын уақытында істемеген. Соның салдарынан, әрине жер асты суы сәл көтерілгені бар. 

Жол құрылысына немқұрайды қараған мердігерлермен арада биыл қаңтар айында басталған сот осы күнге дейін созылған. Сот шешімімен қос компания өз қаржысына барлық олқылықтарды жөндеуге міндеттелді. Ақау анықталған автобанның 240 бетон плитасын қайта жаңалауы тиіс. Алайда мердігер асығар емес.

Руслан Нұрланұлы

автобан Қарағанды-Теміртау Нұрлы жол жол құрылысы

Хабарламаларға жазылу