Жээнбеков Қырғызстан үкіметін отставкаға жіберді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жээнбеков Қырғызстан үкіметін отставкаға жіберді

09.10.2020

Қырғызстан үкіметі мен премьер-министрі отставкаға кетті. Тиісті Жарлыққа Президент Сооронбай Жээнбеков қол қойды. Алайда Үкімет министрлер кабинетінің жаңа құрамы құрылғанға дейін өз міндеттерін атқара береді. Бұған дейін Қырғыз басшысы елдегі саяси дағдарысқа байланысты халыққа кезекті үндеуін жасаған еді. Ол Қырғызстандағы саяси жағдай қатты қиындағанын айтып, реттеу үшін қадам жасауға дайын екенін атап өтті. 

Сооронбай Жээнбеков, Қырғыз Республикасының Президенті:
Жаңа парламент сайлауы өтуі керек. Бұл бойынша Орталық сайлау комиссиясы шешім шығарады. Аталмыш шаралар қазіргі саяси қысымды әлсіретпек. Сондай-ақ парламентарийлер міндетін атқаруы үшін құқық қорғау органдары Жогорку Кенеш депутаттарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек.

Президент кадрлық өзгерістерді заңдастыруға дайын екенін де мәлімдеді. Жээнбеков мемлекеттің тұтастығы, халықтың бірлігі мен қоғам тыныштығының маңыздылығына тоқталды. Барлық саяси күшті елде тыныштық сақтауға, халықты бөлмеуге және қоғамды бұзбауға шақырды. Көрші ел басшысы атқарушы орган мүшелері заңдастырылған соң ғана президент қызметінен кетуге дайын екенін айтты.

Фариза Мұсақызы

Қырғызстан Сооронбай Жээнбеков Қырғызстандағы ахуал

Хабарламаларға жазылу