Қырғызстандағы ахуал: Депутаттар Жээнбековке импичмент жариялау бастамасын көтерді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қырғызстандағы ахуал: Депутаттар Жээнбековке импичмент жариялау бастамасын көтерді

08.10.2020

Қырғызстан Президентінің қайда жүргені белгісіз. Елдің ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Курсан Асанов осындай мәлімет жариялады. Ал кеше түнде Бішкекте Жогорку Кенештің жасырын отырыс өткізгені белгілі болды. Депутаттар президент Сооронбай Жээнбековке импичмент жариялау мәселесін қарады, деп хабарлайды қырғыз ақпарат құралдары. 

Қызу пікірталас. Бітпейтін дау-дамай. Парламентшілер қырғыз басшысын тағынан тайдыру мәселесінде ортақ мәмілеге келе алмаған сияқты. Ал саяси отырыстың соңы, тіпті, әзіл-сықақ бағдарламаға ұласып кеткендей. 

Төртінші тәулікке ұласқан Бішкектегі бейберекетсіздіктен тоз-тозы шыққан ел ағалары жастарды сабырға шақыруда. Олар ұлт мүддесін алға қойып, «бөлінгенді бөрі жейдінің кебін кимеуді» сұрап отыр. 

Расул Жұмалы, саясаттанушы:
Кландардың атынан айдап салушылар да жоқ емес, саяси хаосты пайдаланып, өздерінің бір мәселесін тұрпайы түрде шешіп қалып жатыр. Президенттің резиденциясын тас-талқан қып жатқанды да көрдік. Кәдімгі мародерліктің көрінісі. 

Қырғызстан президентінің баспасөз қызметі Сооронбай Жээнбеков Бішкекте екенін және елдегі жағдайды тұрақтандыру үшін саяси күштермен келіссөздер жүргізіп жатқаны туралы ақпарат таратқан еді. Бүгін ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Курсан Асанов қырғыз басшысының қайда екені белгісіз, оны іздеп жатқанымыз жоқ деп мәлімдеме жасады. Ал бұл уақытта Қырғызстанның Бас прокуратурасы Жээнбеков, Матраимов және экс-премьер-министр Абылгазиевке қатысты 3 қылмыстық іс қозғап үлгерді. 

Жазира Оразқызы

Қырғызстан Бішкек наразылық акциясы

Хабарламаларға жазылу