Кеген асуында 30-ға жуық көлік қалың қардан жолда қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кеген асуында 30-ға жуық көлік қалың қардан жолда қалды

07.10.2020

Алматы облысының Кеген асуында 30-ға жуық көлік қалың жауған қар салдарынан жолда қалды. Жалпы еліміздің алты өңірінде ауа-райының қолайсыздығына байланысты ескерту жарияланды. Солтүстік аймақтарда секундына 15-20 метрге дейін жел күшейсе, түстікте үсік жүреді. Салдарынан көктайғақ болып, қар-аралас жаңбыр жауып, тұман түсуі мүмкін. 

Кеген асуына түскен қар біраз адамды әбігерге салды. Кеген-Ақсай тас жолына мұз қатып, жазғы дөңгелектерін ауыстырып үлгермеген 27 көлік жүргізушісі көктайғақ салдарынан асудан көтеріле алмай қалған. Ал таулы аймаққа жауған қардың қалыңдығы 7-8 сантиметрге дейін жеткен. Оқиға орнына аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары жетіп, 4 адамды эвакуациялаған. Олардың ішінде 2 бала бар. 

Мұрат Сыдықов, Алматы облыстық ТЖД басқармасы бастығының орынбасары: 
-Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері 4 адамды эвакуациялады. Кеген ауылына ауруханаға емделуге шыққан ер азамат және бір әйел мен екі баланы діттеген жеріне жеткізді. Зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ.  

Жолды күтіп баптайтын кәсіпорын жұмысшылары асуды қардан тазалап, инертті материалдар сеуіп, қозғалыс қалпына келтірілді. Төтенше жағдайлар қызметкерлері жолаушылардың жолға шығарда ауа райын біліп, дөңгелектерін ауыстырып шығу қажеттілігін ескертуде. 

Қуаныш Қанатұлы

Кеген асуы көлік қар

Хабарламаларға жазылу