COVID-19: Президент шекарадағы бақылауды күшейтуді тапсырды

07.10.2020
COVID-19: Президент шекарадағы бақылауды күшейтуді тапсырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің екінші кезеңіне дайындық мәселелері бойынша кеңесте көрші мемлекеттердегі эпидемиологиялық жағдайдың ушығуына байланысты шекарадағы өткізу бекеттерінде бақылауды күшейтуді тапсырды. Бұл туралы akorda.kz хабарлады. 

«Басқа мемлекеттерде эпидемиологиялық ахуалдың ушығуына байланысты мемлекеттік шекарадағы өткізу бекеттерінде бақылауды күшейту керек. 2020 жылдың 5 қазанындағы жағдай бойынша, Ресейде коронавирус жұқтырудың 12 608 (өсім шамамен 1 пайыз), Өзбекстанда 374 (өсім 0,5 пайыз), Қырғызстанда 244 жағдай (өсім 0,5) тіркелді», - деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, әуежайларда, теміржол вокзалдарында қатаң эпидемиялық бақылау режимін қайта енгізіп, «қызыл аумақтан» келетін адамдарды жедел тестілеуден өткізу мәселесін жолға қою керек. 

«Үкімет шет елдермен, әсіресе жағдай күрделеніп тұрған мемлекеттермен жол қатынасын барынша оңтайландыру керек», - деді Тоқаев. 
Ақорда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев

Хабарламаларға жазылу