Праймериз әлеуметтік желідегі белсенділер елдің ықыласына ие дегенді жоққа шығарды - Қырықбаев - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Праймериз әлеуметтік желідегі белсенділер елдің ықыласына ие дегенді жоққа шығарды - Қырықбаев

06.10.2020

Миссия орындалды. Праймеризде еліне адал қызмет ететін нағыз ел азаматтары іріктелді. Бүгін Nur Otan партиясының праймеризіне дауыс берудің қорытындыларын жариялаған партия хатшысы Арман Қырықбаев, осылай деді. Ел көлемінде тұңғыш рет өткізілген саяси додаға 11 мыңға жуық кандидат қатысқан. Оның дені жастар мен әйелдер. Мәслихат депутаттарының қатары толықтай жасарып, жаңаратын түрі бар. Праймериз жалынды жастардың көптігін айқындады. Партия ішілік іріктеуге қатысқандардың 29% - 35 жасқа дейінгі жастар. Елі үшін еңбек етем деген әйелдер де баршылық.    

 Арман Қырықбаев, «Nur Otan» партиясының хатшысы: 
-Праймеризге барлығы 10 990 кандидат қатысты. Оның 7143-і - өзін-өзі ұсынушылар. 36% – әйелдер, 29% – 35 жасқа дейінгі жастар. Үміткерлердің орташа жасы – 43. Елімізде бұрын соңды болмаған тарихи көрсеткіш. Жастардың белсенділігі өте жоғары болды.  

Праймериз – халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаймын деген қарапайым азаматтардың сапын түзді. Сөздің емес, нағыз істің мамандары алға шықты.

 Арман Қырықбаев, «Nur Otan» партиясының хатшысы: 
-Праймериздің тағы бір ашқан жаңалығы – біздің елде бір пікір қалыптасқан. Әлеуметтік желіде көп қолдаушылары бар азаматтар елдің толық саяси ықыласына ие деген. Дұрыс еместігін көрсетті.  

Үміткерлер екі жолмен яғни, өзін-өзі ұсыну және бастауыш партия ұйымдары атынан ұсынылды. Дауыс беру онлайн түрде ашық өтті. Техникалық олқылықтар болғанымен, дауыс жинауда алалаушылық болған жоқ. Десе де, айласын асырмақ болғандар да табылды.  

Павел Казанцев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясының партиялық бақылау комитетінің төрағасы: 
-17 тамыз бен 4 қазан аралығында барлық деңгейдегі партиялық бақылау комитеттері 30-дан астам шағымды қарады. Праймериздің талаптарын бұзғаны үшін 34 адам шеттетілді. Оның ішінде 28-і міндетті дебатқа қатыспағаны үшін шығарылды. Ең көп шағым Нұр-Сұлтан қаласында тіркелді. Партиялық жаза 20 мүшеге қолданылды.  
 Ерлан Саиров, саясаттанушы, «Nur Otan» партиясының жақтастары лигасының мүшесі: 
-Nur Otan партиясының праймеризді өткізу шешімі қоғамдық процестерге жаңаша көзқарас қалыптастырып, аймақтардағы саяси процестерді қалыптастыруға үлесін қосты деуге толық негіз бар.  

Қазақстанда кең көлемде алғаш рет өткен ашық таңдау әдісі, жаңашылдыққа ұмтылыстың барын көрсетті. Бәрінің діттегені – елдік мүдде, халықтық мақсат. Алайда, саяси дода осымен аяқталмақ емес.

Армангүл Тоқтамұрат


Праймериз

Хабарламаларға жазылу