Қазақстан күніне 2 миллион маска шығаруды жоспарлап отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан күніне 2 миллион маска шығаруды жоспарлап отыр

06.10.2020
Қазақстан күніне 2 миллион маска шығаруды жоспарлап отыр

Алдағы 5 жылда отандық фармацевтика саласының өндіріс көлемі 2,5 есеге артып, 92 млрд теңгеден 230 млрд теңгеге дейін жетеді. 

Бүгін Үкімет отырысында халықты дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету мәселесі қаралды. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов елдің фармацевтика саласын дамыту жоспарымен таныстырды.

«Отандық фармацевтика саласында қазір 96 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың 33-і дәрілік заттар, 41-і медициналық бұйымдар және 22-сі медициналық техника өндіреді. Ірі өндіріс ошақтары еліміздің 4 өңірінде: Алматы мен Шымкент қалаларында және Алматы, Қарағанды облыстарында орналасқан. Олар дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар өндірісінің 75% пайызын қамтамасыз етеді», - деді министр.

Оның айтуынша, биыл 8 айда бұл саладағы өндіріс көлемі 34,1%-ға немесе 81,5 млрд теңгеге өсті. Инвестиция 5,2 пайызға артып, 4,1 млрд теңгені құрады. Сондай-ақ саланы әрі қарай дамыту мақсатында фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленді.

«Отандық өнімнің баға жағынан бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін мемлекеттік қолдау шаралары әзірленеді. Онда дәрілердің клиникалық сынақтарын жүргізуге кететін шығынды қайтару, ел аумағында өндірілмейтін шикізатты импорттауға арналған шығынды таңбалау және субсидиялау қарастырылады. Фармацевтикалық өнім өндірісін одан әрі ынталандыру үшін арнайы экономикалық аймақтардың аумақтары мен қызмет түрлері кеңейтіледі», - деді Атамқұлов.

Сондай-ақ водомство басшысы саланы кадрлық қамтамасыз ету үшін фармацевтикалық өнім өндірушілердің қажеттіліктерін ескеріп, еліміздің жоғары оқу орындарында мемлекеттік білім беру тапсырысымен мамандар даярланатынын жеткізді. Өнім сапасын арттыру және көлеңкелі экономиканы азайту үшін дәрілік заттарды таңбалау мен қадағалау бойынша пилоттық жоба енгізілетінін, міндетті таңбалауға жататын тауарлар тізбесі кеңейтілетінін айтты.

«Алдағы 5 жылда кешенді жоспардың барлық іс-шараларын іске асыру арқылы мынадай нәтижелерге қол жеткізе аламыз: құны 180 млн АҚШ долларын құрайтын кемінде 30 жаңа өндірісті іске қосып, 2 мың жаңа тұрақты жұмыс орнын ашу, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жоспарына сәйкес және жаңа өндірістерді іске қосу арқылы дәрілік заттардың 297 жаңа түрін және медициналық бұйымдардың 2348 түрін шығару жоспарланған. Екіншіден, фармацевтика саласының өндіріс көлемі 2,5 есеге артып, 92 млрд-тан 230 млрд теңгеге дейін жетеді. Үшіншіден, дәрілік заттар экспорты көлемін 3 есеге ұлғайтып, 58 млн АҚШ долларынан 174 млн долларға дейін жеткізу. Оған қоса, 2021 жылдың бірінші тоқсанына қарай отандық кәсіпорындардың бірреттік бетперделер бойынша өндірістік қуаты тәулігіне 2 есеге ұлғайып, 1 млн-нан 2 млн данаға дейін, қорғаныс костюмдері бойынша 2 есеге артып, айына 500 мыңнан 1 млн данаға жетеді. Сондай-ақ жыл соңына қарай қолғаптар бойынша өндіріс көлемі тәулігіне 330 мыңнан 530 мыңға дейін ұлғайтылады», - деді министр. 


Үкімет отырысы медициналық маска фармацевтика

Хабарламаларға жазылу