Әйелі мен балаларын ұрып-соққан әке қамауға алынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әйелі мен балаларын ұрып-соққан әке қамауға алынды

05.10.2020

Бірнеше жылдар бойына әйелі мен балаларын аяусыз ұрып-соғып, азаптап келген қазығұрттық тұрғын қамауға алынды. 38 жастағы әке балаларына жұдырықтың күшімен тәрбие беруді мақсат тұтып келіпті. Келіншегі көнбіс, балалары бұл туралы өзгеге тіс жармаған соң оның әлімжеттік әрекеті осы кезге дейін елеусіз қалып келген. Әлеуметтік желі арқылы тарап кеткен бұл оқиға жұрттың жағасын ұстатты. Тапа-тал түсте араққа сылқия тойған 38 жастағы азамат үйге келе салып балаларын соққыға жыққан. Шырқыраған сәбилердің дауысын естіп, сырттан жүгіріп кірген әйелі де тепкінің астында қалған. Ана байғұс жан дәрменімен кішкентайын бауырына басқан күйі тұра алмай қалған.  

Махаббат Әбдірайымова, Қызылқия ауылының тұрғыны:
-Жүгіріп кіргенімде екеуін аяусыз ұрып жатқан еді. Араша түскенімде басымнан ұрып, қылқындыра бастады. 

Махаббаттың осындай азапты өмір кешіп келе жатқанына он жылға жуықтапты. Алғашқы жылдан бастап күйеуі қит етсе жұдырық жұмсап, онысын жыл өткен сайын үдете түскен. Кезекті ұрып соғудан соң балаларын жетектеп төркініне кетіп қалған келіншегін отағасы осыдан он күн бұрын ант су ішіп, үйіне әрең алып келген. 

Зәмира Жолдасова, М.Әбдірайымованың анасы:
-Қызым талай рет таяқ жеп, көкала қойдай болып келген жағдайлар болды. Ол өзінің тиісті жазасын алсын. Балаларды сонша қорлап, түнімен жата алмай шықты. 

Ержан Дәуірбаев құрылыста жалдамалы жұмыс істеген. Тұрақты табысы да болмаған. Апталап, айлап маскүнемдікке салынған. Ол «мен де кішкентайымда ересектердің қаталдығын көріп өстім, балаларыма да ұрып-соғып, сондай тәрбие беремін» дегенді жиі айтатын дейді келіншегі. Махаббат осыдан 2 жыл бұрын күйеуінің азаптауын айтып, полицияға шағымданған. Былтыр да соққыға жығылып, жарақат алған соң құқық қорғаушыларға арыз берген. Бірақ артынша күйеуімен татуласып, өтінішін қайтып алған. Полиция бұл жолы азаптау дерегі бойынша іс қозғады. 

Салтанат Қаракөзова, облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы:
-Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптама тағайындалды. Ер адам қамауға алынды. Тергеу оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда.

Махаббат пен оның ұлдарына қазір психолог мамандар жүйкеге түскен салмақтан арылуға көмектесуде. Егер анасы келісімін берсе балалар жуық арада Шымкент қаласындағы оңалту және бейімдеу орталығына жіберілуі мүмкін. 

Ғани Қалмаханов 

Осы оқиғаға байланысты Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев пікір білдірді. Оның айтуынша, өзгені азаптаған кез келген адам заң алдында жауап береді. Бірақ, бұл тұрмыстық жанжал болғандықтан заңнамалық тұрғыда құқық бұзған адамды жазалауға жәбірленушінің шешімі әсер етеді. 

 Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:
-Балалардың анасы бұған дейін күйеуінің үстінен бірнеше рет шағым түсірген. Бірақ, арыз жазбаған. Сондықтан, полицейлердің жұмысына да қиындық туып тұр. Себебі, арыз жазбаса біз ол әйелдің жолдасын 3 сағаттан артық қамауда ұстай алмаймыз. Сондай-ақ, әкімшілік жауапкершілікке де тарта алмаймыз. Оның үстіне ол оның заңды әйелі, күйеуінен ажырасуға да өтініш бермеген.






Ержан Дәуірбаев ұрып-соғу жаза

Хабарламаларға жазылу