Бір айда коронавирус жұқтырған оқушылар саны 104-ке жеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бір айда коронавирус жұқтырған оқушылар саны 104-ке жеткен

04.10.2020

COVID-19 коронавирусы мен соған ұқсас пневмония бойынша соңғы ақпар: COVID-19 вирусы ПТР тесті бойынша өткен тәулікте 71 адамнан анықталды, ресми дерек бойынша наурыздан бері жалпы саны 108 177. Сондай-ақ, өткен тәулікте 95 адам емделіп шыққан, жалпы жазылып шыққандар 103 205, қайтыс болғандар 1725.

Ал коронавирустық белгісі бар пневмония бойынша өткен тәулікте 193 ауру тіркелген, 60 адам емделіп шыққан. Тамыздан бері хатталатынын еске саламыз, тиісінше, сол уақыттан бері тіркелгендер саны 33 571, қайтыс болғандар 358.

Осы аптада Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жағдайдың ушығуы мүмкін екенін айтты. Шетелдерге рейстерді тоқтату немесе барынша азайту, жолаушылардан коронавирус жұқтырмағаны туралы анықтама талап ету – ахуалдың күрделенуі мүмкін екеніне нұсқайды. Оның үстіне мектеп оқушылар арасында көбейіп барады. Құзырлы органдар бір айда олардың саны 104-ке жеткенін айтты. Оның 33-і мектепке барып оқып жүргендер. «Екінші толқын басталды» деген елдер бар. Ал Мәскеу мэрі С.Собянин Ресей астанасында жағдай қиын, өте қиын деп отыр. «Шетінде тұрмыз» дейді. Жұмада АҚШ президенті Д.Трамп пен жұбайы Мелания Трамптың коронавирус жұқтырғаны хабарланды. Кейін Дональд Трамп Уолтер Рид медициналық орталығына барып жатты, жақында ораламын деп жазды, Twitter-дегі парағында.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ президентіне тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіріп, жеделхаттар жолдаған.


COVID-19 Алексей Цой оқушы коронавирус

Хабарламаларға жазылу