Сәуле Дастанбаева: Мұғалім - көрсеткіш үшін емес, келешек үшін еңбек етуі тиіс - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сәуле Дастанбаева: Мұғалім - көрсеткіш үшін емес, келешек үшін еңбек етуі тиіс

02.10.2020

Қостанайлық ұстаз Сәуле Дастанбаева «Мұғалім – көрсеткіш үшін емес, келешек үшін еңбек етуі тиіс» деген ұстанымда. Оның білім саласында қызмет атқарып жүргеніне 30 жыл. Осы уақыт ішінде жүздеген шәкірт тәрбиелеп, ізінен ерген талай жас маманға жол көрсетті. Қатпары мол кәсіптің қыр-сырын үйретті. 

Онлайн сабаққа көшу басында оңай болмады. Алайда тәжірибелі ұстаз оны тез игеріп, шәкірттерін де жаңа жағдайға бейімдей білді. Сәуле Дастанбаева орыс тілі пәнінің мұғалімі. еңбек жолын тоқсаныншы жылы Аманкелді ауданында бастаған. Ал Қостанайдағы нөмірі тоғызыншы мектепке келгеніне тура 20 жыл өтіпті. Оның 15 жылында директордың орынбасары міндетін атқарды. Қоғамда қандай қайшы пікір туса да ұстаз деген атқа дақ түсірмеуге тырысты.  

Сәуле Дастанбаева, мұғалім:  
-Оқушының алдында ешқашан мұғалім өтірік айтпау керек. Мұғалім өзінің пәнін жетік білуі аса маңызды.

Яғни мұғалімнің мәртебесін көтеретін қабылданған заң емес, осы мамандыққа деген адалдық пен жауапкершілік. Сәуле Дастанбаева биыл тәжірибелі маман ретінде облыстық білім басқармасына әдіскер болып тағайындалды. Мұның сыртында сол тоғызыншы мектепте өз пәні бойынша сабақ береді. 

Жансая Боранбай, оқушы:  
-Менің сүйікті ұстазым Сәуле Қалабайқызын кәсіби төл мерекесімен құттықтаймын. Ол мейірімді жан. Сабақты жан-тәнімен түсіндіріп, шәкірттердің бәрін баласындай көреді.

Ал Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Бақытжан Қажыкенова ұстаз болуды бала күнінен армандаған. Ол еңбек жолын Көкшетау қаласында балабақшада қызмет етіп бастады. Бүгінде ширек ғасырлық тәжірбиесі бар білікті маман. Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы лицейде бастауыш сынып мұғалімі. Ұстаз – ел болашағын тәрбиелейді. Сондықтан осы жауапты міндетті абыроймен атқарып келе жатқан жандар қандай да құрметке лайық. 

Дәуренбек Әбдібек

Мұғалім оқу білім Сәуле Дастанбаева ұстаздар күні оқушы мектеп білім алу Қостанай

Хабарламаларға жазылу