ШҚО-да тарихи қорымдар талқандалуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да тарихи қорымдар талқандалуы мүмкін

02.10.2020

Жарма өңірінде осыған дейін мүлдем зерттелмеген түркі заманы мен сақ дәуіріне тиесілі қорымдарға қауіп төніп тұр. Археологтартың айтуынша, Қостөбе жері тарихи мұраға тұнған өлке. Одан бөлек алтынға да бай. Сондықтан бұл жерге жер қойнауын пайдаланушылар көз сүзіп, онда қазба жұмыстарына кіріспекші. 

Ержан Жақып, тілші:  
-Қостөбе өңірінде 106 қорған табылып отыр. Анықталмағаны қаншама. Биылдан бастап археологтар қорымдардың бірін ашып зерттеу жұмыстарын бастады. Арнайы қоршауға да аланған. Келесі жылдан бастап өзге қорымдарға да зерттеу жалғасайтын болады. 

Қостөбедегі ежелгі түркі заманы, сақ, қола дәуірлеріне жататын қорғандарға тарихшылар үш жыл бұрын назар аудара бастады. Осы жерлерді иелік етіп отырған шаруалар егін егіп жүріп, бірнеше көне бейіттің үстінен түскен. Содан бері жер өңдеуді тоқтатып, зерттеу үшін археологтарды шақырған. 

Ғани Омаров, тарих ғылымдарының кандидаты:  
-Біз ішінде бұзылып бара жатыр деген қорғандарды ғана зерттедік. Соның өзінде осы үш қорғаннан сақтардың жер асты жолы бар, дромс-дейді ғылыми тілде. Қостөбеде кешенді археологиялық жұмыстар жүргізіліп, бұл жерді ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру керек. 

Тарихшылар әлі көп зерттеуді қажет ететін өңірді мұражайға айналдырғысы келсе, жер қойнауын пайдаланушылар дәл осы аумақты қазып алтын өндіруге дайын отыр. Қолдарында барлық мемелекеттік органдардың рұқсаты бар көрінеді. Тек жерді пайдаланушы шаруашылық иесі келісімін бермеген соң ғана жұмыстарын тоқтатқан. 

Көне қорымдарды жердің қазіргі иесі Қуаныш Сүлейменова қазба жүргізетіндерден соттасып жүріп бір рет қорғап алған. Алайда тағы бір алтын өндіруші компания Қостөбе өңірін қазамыз - деп көз тігіп отырған көрінеді. 

Кен өндіргісі келетіндер жердің рухани құндылығынан гөрі рудасының пайдасын ойлап отыр. Жер иесі болса, қорымдарды кезекті рет сот арқылы қорғауға бел бумақ. Алайда, бұл жолы жеңе ме, әлде зерттелмеген тарихы жерді кен иегеретіндер иелене ме белгісіз. Сондықтан, жергілікті жұрт мәселеге мемлекет деңгейінде назар аударуды сұрайды. 

Ержан Жақып 


Хабарламаларға жазылу