Қазақстанда «Үздік педагог» атанған 64 ұстаз 2 778 000 теңге сыйақыға ие болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда «Үздік педагог» атанған 64 ұстаз 2 778 000 теңге сыйақыға ие болды

02.10.2020
Қазақстанда «Үздік педагог» атанған 64 ұстаз 2 778 000 теңге сыйақыға ие болды

Бүгін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Нұр-Сұлтан қаласында «Үздік педагог» атанған оншақты ұстазды өз қолымен марапаттады. «Үздік педагог» конкурсының талабы бойынша, жеңімпаз мұғалім 1000 АЕК көлемінде (2 778 000 теңге –авт.) ақшалай сыйақыға ие болады. Ресми ақпаратқа сүйенсек, биыл конкурсқа 143 ұстаздан өтініш түскен.  

"Ардақты мұғалімдер, ұлағатты ұстаздар! Сіздерді төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. «Адамның адамдығы ұстаздан» деп, ұлы Абай айтқандай, ең жақсы мамандық – ұстаз. Елімізде ұстаз мәртебесін көтеру үшін кешенді іс-шаралар іске асып жатыр», - деген Аймағамбетов ұстаздардың жалақысы көбейіп, педагог мамандықтағы студенттердің шәкіртақысы ең жоғарғы екенін атай отырып. 

Айта кетейік, елдегі карантинге байланысты, жыл сайын Нұр-Сұлтан қаласында өтетін салтанатты шара болмады. Асхат Аймағамбетов Орталық коммуникациялар алаңында 12 ұстазды өз қолымен марапаттаса, аймақтардағы ұстаздармен онлайн форматта кездесті.  

Министр марапаттап, 2 млн 778 мың теңге көлеміндегі сыйақының сертификатын тапсырған ұстаздар қатарында Нұр-Сұлтан қаласындағы «Дарын» мектебінде ағылшын тілінен сабақ беретін Нұрдәулет Құдабаев, елордалық ұстаздар Сандуғаш Парманова, Гүлжанат Раисханова, Анар Әлдекенова, Павлодар қаласының ұстазы Серік Төлегенов, Атбасар қаласындағы балабақша педагогы Зәуреш Батырова, Жақсы мектебінің бастауыш сынып ұстазы Еркегүл Сүлеймен, атыраулық ұстаз Арнұр Қазыбековтер бар.  

Айта кетейік, «Үздік педагог» конкурсы 2012 жылдан бері өтіп келеді. Сегіз жыл ішінде 432 педагог осы атаққа ие болған. Биыл конкурсқа 143 педагог өтінім беріп, 64 ұстаз жеңімпаз атанған.


Білім Асхат Аймағамбетов Үздік педагог Сыйақы

Хабарламаларға жазылу