Шетелден келген жолаушыларға талап күшейеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шетелден келген жолаушыларға талап күшейеді

01.10.2020

Қазанның бесінен бастап әуе рейстері қысқарады. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ведомствоаралық комиссияның шешімін жариялады. Енді шетелден келген жолаушылардың қолында ПТР анықтамасы болмаса, екі тәулік стационарда оқшауланады. Ол үшін барлық өңірде арнайы орындар дайындалған. 

Соңғы тәулікте вирус 76 адамнан анықталды. Елдегі эпидахуал әзірге тұрақты деп бағаланып отыр. Дегенмен, балалар арасында жұқтыру дерегі азайған жоқ. Кезекші сыныптардағы 36, қашықтан білім алған 73 бала вирус жұқтырған. Олармен байланыста болған 800-ден астам адам тексеріліп, 25 адамда тест оң нәтиже көрсеткен. Балалар ауруды жеңіл өткеріп жатыр. Екінші тоқсанда сабақты жалғастыра ма, жоқ па ол эпидемиологиялық жағдайға байланысты болмақ. Ал өзге елдерде індет өршуіне байланысты ведомстваралық комиссия талапты күшейтпек. 

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:  
-Бізге шеттен келетін тасымалдаушылардан қауіп көп. Сол себепті, 5-ші қазаннан бастап өзге елдермен әуе қатынасын ашпау, әуе қатынасы жаңартылған елдермен рейстер санын көбейтпеу, Түркияға баратын рейстерді азайту туралы шешімдер қабылданды. Шетелдіктер Қазақстанға келсе ұшаққа отырарда міндетті түрде ПТР тапсырғаны туралы анықтама қажет. Анықтама жоқ болса барлық жолаушылар екі тәулікке дейін оқушауланады.  

Министрліктің сөзінше, медициналық мекемелер екінші толқынға сақадай-сай әзір. Жағдай ушыққан күнде ауруханалар мен емханалар жұмысын тоқтатпайды. Науқастарға 70 мыңдай орын әзірленген. Екі айға жететін дәрі қоры бар. Ал учаскелік пункт жоқ шалғай аудан- ауылдарға 100-ден аса жылжымалы медициналық көлік жеткізіледі. Білікті мамандармен қоса, халықты дәрі-дәрмекпен қамтитын дәріханалық қызмет ұйымдастырылады. Коронавирус жұқтырғандарға, пневмония мен жедел вирустық респираторлық аурумен ауырғандарға 5 дәрі тегін беріледі.  

Ажар Ғинаят, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:  
-Тегін дәріні алу үшін учаскелік дәрігерге қабылдауға келсеңіз жеткілікті. 

Коронавирусқа қарсы отандық вакцинаның нәтижесі қараша, желтоқсан айларында белгілі болады. Ал тұмауға қарсы екпені қазірдің өзінде 1 млн адам салдырған. 

Раушан Сайлауқызы, тілші: 
-Бір қуантарлығы екпенің бе әлде, сақтанудың пайдасыма осы айда жедел вирустық респираторлық ауру 25 пайызға төмендеген. Егер осы үрдіс жалғасса қатерлі кезеңді де жеңіл өткеруіміз бек мүмкін. Дегенмен, екінші толқынның болу болмауы сіз бен біздің сақтану тәртібімізге байланысты деп отыр мамандар. 

Раушан Сайлауқызы


Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жолаушы ПТР анықтама дәрі

Хабарламаларға жазылу