Ресейге жете алмай жүрген студенттердің мәселесі шешілер емес

30.09.2020

Ресейге жете алмай жүрген студенттердің мәселесі шешілер емес. Көрші елге аптасына екі рет ұшақ қатынайтыны туралы қаулы шыққалы билеттің басым бөлігі сатылып кеткен. Бар орындардың құны аспандап тұр - дейді студенттер. Ал бағаға бақылау жасайтын бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мәселені енді ғана қарауына алған.

Ресейге жете алмай, оқуынан кешіккен жастар жанайқайын осылай жеткізді. Олар алып жатқан біліміміз орта жолда үзіліп, оқу үлгеріміміз нашарлайды,-деп алаңдап отыр. 6-шы курс студенті Әйгерім Темірболаттың сабағы алдағы апта басталады. Бірақ, ұшаққа билет жоқ.  

Әйгерім Темірболат, Ресейде оқитын студент:
-Өзім билет әлі алған жоқпын. Қазан айына билеттердің бәрі сатылып кеткен. Билеттер тек қараша айына болды. Аптаның аяғына билеттер болмады болған күннің өзінде 900 мыңның үстінде.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

-Билеттердің бағасы қаншалықты қымбат. Біз шолу жасап көрмекпіз. Мәселен, Нұр-Сұлтан Мәскеу бағытында эконом-класс 267мыңнан басталады. Ал бизнес-класс 500 мыңнан басталып 2-млнға дейін жетеді.

Бұл тек транзиттік рейстер. Ресейге тура баратын ұшақтарға билет жоқ, ал студенттер көлікпен-ақ жетейін десе шекарадан өткізбейді. 18 жасқа толмағандарға ата-анасыз қадам басуға тағы рұқсат жоқ. Сондықтан проблеманы шешудің бір ғана амалы – арнайы рейс ұйымдастырылса,-дейді. Алайда, Білім және ғылым министрлігі жауап беруге асықпайды. Ал әуе компания өкілдері бағаның шарықтауына бірнеше себеп бар деп отыр.

Лиза Бахытханқызы, әуе компаниясының өкілі:
-Билет бағасының шарықтауына коронавирус салдарынан рейстердің тұрақты режимде ұшпауы себеп. Ұшақ аптасына екі рет қатынайды. Жолаушы көп. Алғашқы рейстерге билет рекордық көрсеткіште сатылды. Бағаның өсуіне сұраныстың да ықпалы бар.

Ал бұған дейін екі ел арасында аптасына 181 рейс орындалатын. Қазір тек 2 мәрте қатынайды. Студенттердің уәжін енді естіп-біліп отырмыз деген тиісті агенттік мәселені реттеуге біраз уақыт керек дейді .

Әрсен Ысқақов, ҚР ҰЭМ бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі агенттігі төрағасы басшысының орынбасары:   
-Мәселені қарауымызға алдық. Алдын ала болжамға сәйкес, көптеген әуе рейсі Ресейге тура емес өзге елдер арқылы қатынағандықтан билет бағасы өскен. Мысалы Стамбул арқылы барғандар бар. Бұл осындай транзиттік рейстерге қатысты болуы мүмкін. Біз осыған дейінгі бағамен салыстыра отырып, мәселенің мән-жайын анықтаймыз.

Министрліктің мәліметінше, кәсіпкерлік кодекске сай әр әуе компаниясы бағаны өзі реттейді. Бірақ билет құны шектен тыс шарықтап, заңсыздық дәлелденсе қомақты айыппұл салуға тура келеді.

Раушан Сайлауқызы


ресей ұшақ билет ЖОО студент

Хабарламаларға жазылу