Құс тұмауы: Ауылдағы ағайын өтемақы алу мәселесіне алаңдаулы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құс тұмауы: Ауылдағы ағайын өтемақы алу мәселесіне алаңдаулы

30.09.2020

Ақмола облысында қырылған қанаттылардың саны 1,5 мыңға жетті. Індет аумағы күн сайын кеңейіп келеді. Бүгінде 20 елді мекенде құстардың өлуі тіркелді. Өңірдегі 5 ауыл құс тұмауына байланысты карантинге жабылды.

Қарлыкөл ауылында 400-ден астам құс қырылып қалған. Бүгін бұл елді мекен карантинге жабылды. Шектеу шаралары туралы тұрғындармен кездесу болып атқарылатын жұмыстар түсіндірілді. Ал ауылдағы ағайын өтемақы алу мәселесіне алаңдаулы. 

Алма Ахметова, Қарлыкөл ауылының тұрғыны: 
- Менде 39 қаз, 35 тауық қырылды. Енді тірі қалғаны 3 бас қаз қалды. Қанша төлейтінін білмейміз. Ешкім ештеңе айтқан жоқ. 
Жанбота Төлебаев, Қарлыкөл ауылының тұрғыны:
- Үкімет ақшасын төлейміз дейді. 

Талап бойынша ауылдағы қаз, үйрек, тауықтардың барлығы өлтіріледі. Республикалық эпизоотияға қарсы жасақ жұмысын бастады. Мамандар алдағы күндері құстарды жоюға кіріседі.  

Оралбек Бекішев, Бұлақ ауылдық округінің әкімі:
-Құстары өлген адамдардың барлығы арнайы есепшот ашады. Содан кейін оларға мемлекеттің көмегі ретінде орташа бағамен құстардың ақшасы, өтемақысы төленеді деп хабарладық. 

Карантин кем дегенде 21 күнге созылады. Ауылдан құстың етін, жұмыртқасын шығаруға болмайды. Қарлыкөлдің кіреберісіне бекет қойылды. 

Ермек Елберген, тілші: 
-Ауылдың айналасы толық жыртылып жатыр. Бұл көлік қозғалысын шектеу үшін жасалып жатқан қадам. Ал ауыл тұрғындары тек бір жол арқылы ғана елді мекенге кіріп-шыға алады. Оның өзінде көліктер тексеріледі, есепке алынады. 

Бүгінге облыста 15 елді мекенде құс тұмауы расталды. Қазіргі уақытта ауылдарды карантинге жабу бойынша жұмыс атқарылуда. Сондай-ақ, вакцина салу жүріп жатыр. 1 аптада 210 мыңнан астам үй құсына екпе жасалды.  

Ермек Елберген


Ақмола облысы карантин құс тұмауы

Хабарламаларға жазылу