Қызылорда облысында жемқорлыққа қарсы күрес күшейе түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында жемқорлыққа қарсы күрес күшейе түсті

29.09.2020

Қызылорда облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күшейе түсті. Соның нәтижесінде парақорлық сипатындағы қылмыстар өткен жылмен салыстырғанда екі есеге азайған. Бұл туралы құзырлы орган өкілдері баспасөз мәслихатында мәлім етті.

Қоғамның індетіне айналған жемқорлықпен күресте өңірде ауқымды шаралар атқарылуда. Сегіз айдың ішінде облыста парақорлыққа қатысты 40-қа жуық қылмыстық дерек анықталды. «Көз қысты, бармақ басты» әрекетпен мол ақшаға кенелгісі келген 37 адам заң алдында жауапкершілікке тартылды. Дегенмен, аймақта сыбайлас жемқорлықтың жайсыз статистикасы едәуір төмендегені байқалады.   

Бақытжан Ниязов, Облыс бойынша сыбайлас-жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары:
-Облыс аумағында сыбайлас жемқорлық сипаттағы құқық бұзушылық күрт төмендеуіне қол жеткізілді.

Жалпы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті парақорлық тәуекелдерінің алдын алу бағытында 7 мемлекеттік мекеменің жұмысына сыртқы талдау жүргізген. Соны нәтижесімен 28 ұсыныс енгізіліп, олардың жұмыс процесіндегі кемшін тұстар түзетілді. Әсіресе, бюджет қаржысының мақсатты жұмсалуы мен мемлекеттік сатып алу жүйесі қатаң бақылауда.

Бақытжан Ниязов, Облыс бойынша сыбайлас-жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары:
-Осы жылға жүргізілген жұмыстардың бір бағыты ол мемлекеттік сатып алудың ашық көздері арқылы мониторинг жасау. Осы платформадағы көптеген мәселелерге біз тікелей ұсыныстар жасадық. Соның нәтижесінде 200 млн теңгенің үстінде мемлекетік қаражатының тиісті бағыттарға қарай жұмсалып, үнемделуі мүмкіншілігі пайда болды.

Сондай-ақ, құзырлы орган өкілдері кәсіпкерлердің де мүддесін қорғауға баса мән беріп отыр. «Protecting Business and Investments» жобасы шеңберінде түрлі әкімшілік кедергілерді жоюға ықпал жасап, өңірдегі 21 инвестияциялық жобаны сүймелдеуді өз міндетіне алып отыр.

Ә.Серікұлы  


Хабарламаларға жазылу