Солтүстік Қазақстан облысында тағы 11 ауыл карантинге жабылып, жалпы саны 29-ға жетті. Бүгінгі күнге дейін өлген құстың саны 199 мыңнан асты. Өңірде республикалық эпизоотияға қарсы жасақ өкілдері ауру ошағынан құстарды тәркілеп, өлекселерін өртеп жатыр.
Сағындық Сәбитұлы, тілші:
-Красный Яр ауылындағы бұл шаруашылықта 10 мыңнан астам қаз болған. Міне өздеріңіз көріп тұрсыздар, қазір бәрі қаңырап бос қалды. Індеттен қырылғанынан басқа 1600 қаз тірі қалған екен. Қазір оларды республикалық арнайы жасақ өкілдері аммиак салып өлтіріп жатыр. Оларды камазға тиеп өртейтін жерге алып кетеді.
Қазір 11 аудандағы 29 елді мекен карантинге жабылған. Арнайы жасақ пен ветеринар мамандар өлекселерді тәркілеп, өретуге кірісті.
Берік Әлжанов, Облыстық ветеринария басқармасының басшысы:
- 9 ауылда ауру және өлген құстар алынып, өртелді. Облыс бойынша 259 мыңнан астам құс егілді.
Ал бұл Бескөл құс фабрикасы. Қазір шаруашылықта бірде-бір құс қалмаған.
Сағындық Сәбитұлы, тілші:
-Қазір рсепубликалық эпизоотияға қарсы күрес жасағы Бескөл құс фабрикасында жұмыс істеп жатыр. Мына арнайы техникада өлекселерді өртеп жатыр. Оған бір ретте 3 мыңға дейін өлексе сияды екен. Оның қызуы мың градусқа дейін көтеріледі. Қазір мына аумақта өздеріңіз көріп тұрғандай өлекселер тау болып үйіліп жатыр, бұған дейін одан да көп болған екен. Мына аумақтағы мүңкіген иістің өзі қолқаны қабады.
Елімізде мұндай тек екі инсенератор көлігі бар. Екіншісін індет өршіп тұрған басқа аймаққа жібермек. Ал жасақтың міндеті өлекселерді өртеп, аумақты залалсыздандыру.
Файзолла Бегенов, Республикалық эпизоотияға қарсы күрес жасағының өкілі:
-Бескөл құс фабрикасында инсенератордың тұрғанына бір апта болды. Басқа аудандарда, ауылдарда құстарды өз орнында жойып жатыр.
Қазіргі сау құстарды сақтау үшін екпе салу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Олар негізінен індет ошағынан 20 шақырым қашықтықта және өзен-көлдерге жақын ауылдар. Ал ондай жерлерде жабайы құстардан індет жұқтыру қауіпі өте жоғары.
Сағындық Сәбитұлы