Румыниядағы қазақ балабақшасында түрлі ұлттың балалары Абайдың тілін үйреніп жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Румыниядағы қазақ балабақшасында түрлі ұлттың балалары Абайдың тілін үйреніп жүр

29.09.2020

Румыниядағы қазақ балабақшасында түрлі ұлттың балғындары Абайдың тілінде сөйлеуді үйреніп жатыр. Бақша осыдан 5 жыл бұрын Қазақстан елшілігінің бастамасымен ашылған. Мақсат-Бухарестте қызмет бабымен уақытша тұрып жатқан жерлестеріміздің балаларына қазақы тәрбие беру.   Бақшадағы қазақ, орыс, украин, румын балғындары бір үйдің баласындай тату. Мекеменің табалдырығынан аттағаннан қазақтың иісі аңқып тұр. Кішкентай балақайлар қазақ хандарының даналығы жайлы еркін әңгімелеп, ұлы Абайдың өлеңдерін жатқа айтады.  

Бүлдіршіндерге Абайдың тілінде оқып-сөйлеуді филолог Назгүл Тоқтабекқызы үйретеді. Алматыдағы халықаралық мектептерде 20 жылдай еңбек еткен тәжірибелі ұстаздың шетелдік балғындарға арналған өз әдістемесі бар.   

Назгүл Машкеева, қазақ тілі пәнінің мұғалімі: 
-Кішкентай болғандықтан бұл балаларға қай тілде қалай үйретсең де олар сондай ынтамен кез келген тілді алып кететін қабілеттері бар. Олар үшін мынау қазақ тілі, орыс тілі, румын тілі деген айырмашылық жоқ. Балаға тек сен дұрыс түсіндіре білсең, кез келген тілді алып кетеді деп ойлаймын.
Мариана Казак, балабақшаның директоры:
-Қазір бізде 1 жас пен 5 жас аралығындағы 19 бала тәрбиеленіп жатыр. Олар қазақ, румын, ағылшын тілдерінде білім алады. Одан бөлек бүлдіршіндерді бассейн, үлкен теннис сынды үйірмелерге де апарамыз.

«Балалар патшалығы» бақшасында болашақта қылқалам шебері, аспазшы болсам дейтіндер көп. Аспазшы демекші, балғындарға мұнда 4 мезгіл ыстық тамақ беріледі. Түскі ұйқыдан соң қыздар би үйірмесіне асығады. Қазір олар «Қамажайды» үйреніп жүр. Жақында Абай аталарының 175 жылдығына концерт қойып, әрқайсысы өз өнерлерін ортаға салмақ.  

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу