Бауыржан Байбектің қатысуымен праймеризге дайындық мәселесі талқыланды

28.09.2020

«Халықтың үнін есту, сөзін сөйлеу - басты міндет». Алматылық қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездескен «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек осылай деді. Кездесуде Президент Жолдауын іске асырудың негізгі бағыттары мен праймериздің өзекті мәселелері талқыланды. Бауыржан Байбек партияның праймеризге дайындығын тексеру мақсатында өңірлерге жоспарлаған сапарын Алматыдан бастап отыр. Алдағы 5 жылда алып шаһарды дамыту бойынша ұсыныстар «Nur Otan»-ның сайлауалды бағдарламасы аясында қарастырылады. Бүгінгі басқосуда партияның жер-жерде атқарған ауқымды істері айтылды. Мәселен, жыл басынан бері жұршылықтан 300 мыңға жуық арыз-шағым түскен.  

Бауыржан Байбек, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:  
-Ең бастысы халықты есту, халықтың сөзін сөйлеп, мұңын мұңдау. Басқа партиялар да бағдарламасын сайлауалды ұсынып, халықпен жұмыс істеп, сол арқылы халықтың пікірін біліп, билікке жеткізу керек. 

Алматыдағы праймеризде әсіресе шағын және орта бизнес, үкіметтік емес ұйым өкілдері белсенді. 233 қатысушының тең жартысы - солар. Үміткерлер арасында мүмкіндігі шектеулі жандар мен көпбалалы аналар да бар.

Бақытжан Сағынтаев, қала әкімі:
-Праймериз арқылы біз өзіміздің ішіміздегі белсенді азаматтарымызды таңдап алуға, болашақ жолда бірге жүруге, көзге көрінбей жүрген азаматттарды ортаға қосып, арамызда іріктеу жүргізуге өте көп пайдасын тигізіп отыр. 

Алматыдағы сайлауалды бағдарламаны жетілдіру мақсатында тұрғындардан 300-дей ұсыныс түскен. Олардың басым бөлігі әлеуметтік мәселелер, экология, экономика мен жұмыспен қамтуға қатысты. «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары мегаполисті әрі қарай өркендету бойынша межеленген міндеттер іске асатынына сенімді. «Ол үшін алматылықтардың нәтижелі жұмысы мен бекем бірлігі қажет»,- деді Бауыржан Байбек. 

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу