Жомарт Ертаев сотта кінәсін толық мойындады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жомарт Ертаев сотта кінәсін толық мойындады

28.09.2020

Алматыда экс-банкир Жомарт Ертаевтың соты жалғасуда. Bank RBK-ға тиесілі 144 миллиард теңгені заңсыз иемденді деген айып тағылған банкир бұл қаражатты 2011-2017 жылдардың аралығында жымқырған. Жомарт Ертаев бүгін сот алдында соңғы сөздерін айтты. 

Нұрхан Нұрланұлы, тілші:

- Қазір тергеу изоляторында отырған экс-банкир Жомарт Ертаев өзінің кінәсін толық мойындап отыр. Ол Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айыпталуда. Атап айтсақ, қылмысты ұйымдастыру, біреудің сеніп тапсырған мүлкін иемдену және қылмыстық жолмен ірі көлемдегі ақшаны алу. Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы оған 11 жыл бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Сотталушы өзінің соңғы сөзінде жасаған қылмысына өкінетінін айтып, соның кесірінен бостандық, байлық, абыройдан айырылдым деді.

Жалпы Жомарт Ертаевтан бөлек, осы қылмыстық іс бойынша 36 банкир айыпталып жатыр. Олардың барлығы тергеу изоляторында отырған жоқ. Көпшілігі өздеріне тағылған айыппен келісіп отыр. Айыпталушылар соттан істің дұрыс қаралып, әділ шешім шығаруын өтінді. Тіпті Жомарт Ертаевтың өзі де соттан бостандығынан айырмауды сұрады ол бостандыққа шыққаннан кейін, жәбірленуші тараппен түпкілікті есеп айырысып, туыстары мен достарына қамқорлық жасап, балаларымды аяққа тұрғызсам деді. 

Айта кетейік, Bank RBK-дан 144 миллиард теңге жымқыру ісіне қатысты сот өткен жылдың аяғында басталған. Ал оның қорытындысы қашан шығатыны әзірге белгісіз.

Хабарламаларға жазылу