ШҚО-да заңсыз алтын өндірушілерге кім тосқауыл қояды? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да заңсыз алтын өндірушілерге кім тосқауыл қояды?

27.09.2020

Шығыс Қазақстандағы Аягөз өңірінде алтынды заңсыз өндіріп жүргендер көп. 2-3 жылдан бері қазба байлық іздеп ойды да, қырды да қопаратындар қаптап кеткен. Тіпті соңғы жылдары бос жатқан жерді қойып, кейбір шаруа қожалықтарының учаскесіне баса көктеп кіре бастаған. Мұндай заңсыздықты айтып халық қанша арызданса да, құқық қорғау органдары тыймай отыр.  

Өңір тұрғындары тиісті мекемелердің өздері осы мәселеге келгенде бір бармағы бүгулі ма?- деп күдіктенеді. Өйткені тау-тасты қопарып қазба іздегендерге бірнеше жылдан бері тосқауыл жоқ. Біздің Шығыс өңірдегі тілшілеріміз мәселені көзбен көру үшін алтынды өңірге арнайы барды. Алтын қазушылардың ізіне түскенде ауылдың әкімі «бірінші рет көріп тұрмын» дей беріпті. Ал ауыл-аймақ түгел біледі. Ержан Жақыптың репортажы.

Алтынды заңсыз қазатындар бар-деген Аягөз ауданының Сарыарқа ауылына арнайы бардық. Мән-жайды білмекке елді мекен әкіміне жолықтық. Талғат Тәйкеновтың айтуынша алтын қазуға қатысты бірен-саран оқиғалар бұрындары болған. Оларды заң қызметкерлері тыйған. Қазір ондай мәселе жоқ-деді. 

Талғат Тәйкенов, Сарыарқа ауылының әкімі: 
-Дәп қазір ол жерде жоқ, қазба жұмыстары жүргізілген жоқ.

Ауыл басшысының айтқанына сендік. Алайда, өз көзімізбен тексеруді жөн көрдік. Алтын бар - деген жерге әкімді жанымызға ертіп аттандық. Ауылдан 20 шақырымдай қашықта, түсті металл іздегендердің дәл үстінен түстік. Өзін күзетші деп таныстырған мына адам, көп ештеңе білмеймін деп қысқа ғана жауап берді.

Төлеубек Амангелдиев: 
-Аттарын білмей. Аягөздің кісілері. Құжаттары бар қолдарында. Маған күзет деген. Келуі керек болатын. Келмей жатыр ғой.

«Жер қазып жүргендер жоқ»-деп айтқан әкім бұл жағдайды көріп абдырап қалды.

Талғат Тәйкенов, Сарыарқа ауылының әкімі:
-Мен мынаны бірінші рет көріп тұрмын.

Киіз үйдің ішінде түсті металл іздеушілердің киім-кешегі, төсек-орындары түгел жатыр. Хабарласуға арналған байланыс құралдарына дейін бар. Бірақ өздері ізім-ғайым жоқ болған. Күзетшімін деген адам мұндағылар не істеп жүргендері жайлы ашып айтпады. Төңіректегі жердің барлығы ауыр техникамен қопарылған. Трактор ізіне қарасақ, жақында ғана жұмыс істелгені көрініп тұр.  

Ержан Жақып, тілші:
-Жергілікті тұрғындардың айтуынша Сарыарқа ауылының маңында ежелден алтын қоры мол. Сондықтан қазба байлық іздегендер жасырын келіп осылай сай-саланың барлығын ауыр техникамен қопарып тастаған.

Киіз үйдің сыртында қазба байлық іздегендердің жер қазатын қайласы, күректер, сондай-ақ алтынды шаюға арналған шлангтерін байқауға болады. Көлікпен маңайды тағы шолып көріп, кезең асқанда тура алтынды шаятын жерге кезіктік. Тағы бір сайды асқанымызда алтын іздеушілердің мынандай қолдан жасалған, алтынды шаюға арналған құрылғыларының үстінен тап болдық. Бұл жерде жақында ғана жұмыс жүргізілгендігі көрініп тұр. Бірақ та жұмысшылар біздің келе жатқанымызды естіді ме екен, қашып кеткен.  

Қымбат металды осы бұлақтың басында шаятын көрінеді. Су айдайтын құрылғы, қапта салынған алтын ұнтақтары бар топырақ, ештеңені жинап үлгермеген. Іздері сайрап жатыр. Әкім одан әрі абдырады.

Талғат Тәкенов, Сарыарқа ауылының әкімі:   
Мынаны бірінші рет көріп тұрмыз. Мынау енді-енді болған дүние.

Осылай арнайы барып, алтынды заңсыз өндіріп жүргендердің бар екеніне көз жеткіздік. Анықталғандай қазылып жатқан төңірек түгелдей «Жасұлан» шаруа қожалығының иелігіндегі жер болып шықты. 3-4 жылдан бері баса көктеп кіріп жүргендердің барлығын білсе де, жер иесі шарасызбын дейді. Құқық қорғаушыларға шағымданған. Бірақ, өзгеріс жоқ екенін айтады. Жалғыз барып жерін қорғауға қауқарсыз.

Біржан Тұяқбаев, шаруа қожалығының басшысы:  
-Мен де қорқамын. Бала-шағам бар. Ұстап отырған малым бар, жаным бар. Артынан малымды айдап кете ма? Жерімді өртеп жібере ме?

Бірнеше жылдан бері ауыл маңын қопарып қазып, алтын тауып жүргендердің барлығын Сарыарқа ауылының әкімі білмесе де, тұрғындары жақсы біледі. Олар ұрлыққа, заңсыз әрекеттерге наразы.

  Бекболат Ақмешов, Сарыарқа ауылының тұрғыны: 
-Бұл жердегі шығып жатқан қазба байлық, ол жалғыз осы ауылдың тұрғындарынікі ғана емес. Ол бүкіл еліміздің, Қазақстан халқының байлығы болып есептеледі. Ауыл тұрғындары бұған жақсы пікірде қарап отырған жоқ. Тиісті органдар бұған неге тиым салмайды. Неге бұны тексермейді деген пікірде.

Ауыл халқы дабыл қаққан соң биыл көктемде Аягөз ауданынан арнайы комиссия келген. Қазба байлық іздеп әр жерді қазып жүргендердің бар екеніне көз жеткізген. Тіпті үстінен түскен. Бірақ жол талғамайтын джип мінгендер жеткізбей қашып кеткен. Заңсыз жолмен жерді оңды-солды қазатындардың барын аудан әкімшілігінің мамандары да растап отыр. 

Нұргүл Маубаева, Аягөз аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы:
-Біз барған кезде шамамен 1000 гектар жерді ғана біз көзбен көргеніміз. Бірақ менің ойымша ол 1000 гектардан асып кететін жер болып тұр. Егер қолында контрактісі, лицензиясы немесе тапсырмасы болса, онда біз оған рұқсат беріп, қаулымен береміз. Бірақ та ондай құжатпен бүгінгі күнге дейін бізге ешкім келген жоқ.

Аягөздік қоғам белсендісі - Әсел Жұмағазының айтуынша, мұндай заңсыздыққа заң органдары көз жұмып қарап отыр. Өйткені, жылдар бойы жалғасқан мәселені көтергенмен, аудан әкімдігінен де заң орындарынан да тек сырғытпа жауап қана алған.

Әсел Жұмағазы, қоғам белсендісі:
-Қазір қара нарықта, мына Сарыарқадан шығып жатқан алтынның 1 келісі 30 миллион теңге тұрады екен. Қанша киллограмм алтын шығып жатыр біз білмейміз. Қанша адамның қалтасы қампиып жатыр, біз білмейміз. Қазақта бір мақал бар. «Алтын көрсе періште де жолдан таяды»-деген. Бұлар енді періште емес қой. Бұлар ізденіп, заңдылыққа көмектесейін-деп отырған орган емес. Егер көмектесетін болса бес жыл болды сол жердің қазылып жатқанына. Бәрі біледі. Біреуі қолға алмайды ма? Бұл жерде қып-қызыл қара бизнес жүріп жатыр. Бәрі біліп тұр, бірақ ешкім ештеңе істегісі келмейді.

Дегенмен құқық қорғаушылар қол қусырып отырған жоқпыз-дейді. Облыстық полиция департаментінің ресми жауабын тыңдасақ, біздің түсіру тобы барған «Жасұлан» шаруа қожалығының аумағында ғана жер қойнауын заңсыз пайдаланушыларды бірнеше рет әшкерелеген.  

Айгүл Белгібаева, ШҚО Жергілікті полиция қызметі басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы: 
-Шаруа қожалығының иесі Тұяқбаевқа тиесілі жер телімінде белгісіз тұлғалардың заңсыз жер қойнауын пайдаланғандары туралы 8 факті тіркелген. Оның 5 фактісі сотқа жолданды. Сонымен қатар екі факті бойынша тергеу әрекеттері жүргізілуде.

Алтынды заңсыз қазу оқиғалары Аягөз ауданында ғана емес, іргелес Жарма ауданы территориясында да жетерлік.

Айгүл Белгібаева, ШҚО Жергілікті полиция қызметі басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
-Жарма ауданында алтынды заңсыз қазу бойынша жыл басынан 13 факті тіркелді. Әкімшілік іс қозғалып шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді.

Полиция департаментінің мәліметіне жүгінсек тек биыл Шығыс Қазақстан облысы бойынша 8 айда экономикалық контрабанда жасағаны үшін 25 қылмыстық іс қозғалыпты. «Жер қойнауына қатысты мемлекет меншігін бұзу» бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылған. Алайда бағалы металл қазатындар, ұсталған күннің өзінде салынған айыппұлын алтынмен өтеп, әрекеттерін әрі қарай емін-еркін жалғастырып жүре беретін сыңайлы. Мұндай оқиғалардың толастамай тұрғаны, жазаның тым жеңіл екендігінің айғағы. Сондықтан ауылының іргесі астаң-кестең болып берекесі қашқан жергілікті жұрт, мәселеге мемлекеттік деңгейде мән беріп, биліктен заңды қатайтып, жазаны күшейтуді талап етіп отыр.     


Хабарламаларға жазылу