Таулы Қарабақтағы қақтығыс: Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасады

27.09.2020

Арменияның министрлер кабинеті елде әскери жағдай және жаппай мобилизация жариялады. Ақпарат агенттіктері таратқандай, Премьер-министрі Никол Пашинян Қарабақтағы жағдайға орай осындай шешім шығарғандарын айтқан.  

Арменияның қорғаныс министрлігі мойындалмаған республика аумағына Әзірбайжан оқ жаудырды деген. Ал Әзірбайжан мемлекеті керісінше, оқ жаудыруды Таулы Қарабақ жағы бастады деп отыр.

Еліміздің Сыртқы істер министрлігі бұл текетіреске байланысты алаңдаушылық білдірді. –Бізге екеуі де дос мемлекеттерді күш қолданудан бас тартып, келіссөздерге кірісуге шақырамыз, деген таратқан мәлімдемеде. Текетіресті бейбіт шешудің жолдарын табу үшін ықпалдасуға дайын екенімізді айтқан.

1988 жылы қыста Таулы Қарабақ автономиялық облысы Әзірбайжан КСР құрамынан шығатынын жариялаған. 1992-1994 жылдардағы қарулы қақтығыстардың салдарынан Әзірбайжан Таулы Қарабақ пен оған іргелес жатқан жеті ауданды бақылаудан шығарып алды.

Жанжалды бейбіт реттеу бойынша ЕҚЫҰ-ның Минск тобы құрылып, Ресей, АҚШ және Францияның тең төрағалығымен келіссөздер сонау 1992 жылдан жүргізіліп келеді. Әзірбайжан өзінің аумағы тұтас болғанын талап етеді, ал Армения мойындалмаған республиканың мүддесін қорғайды.


Хабарламаларға жазылу