Асхат Аймағамбетов коронавирусқа қарсы отандық екпені салдырды

25.09.2020

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов коронавирусқа қарсы отандық вакцинаны салдырған. Министр екпені бір ай бұрын алған бұл туралы тілшілерге берген сұхбатында айтты. Ал індетке қарсы қазақстандық екпенің клиникалық зерттеулері қалай жүріп жатыр? Фариза Мұсақызы толығырақ.

Қазақстандық QazCovid-in вакцинасы 17 қыркүйектен бері клиникалық сынақтан өтіп жатыр. Оны Білім министрлігіне қарасты Биологиялық қауіпсіздік ғылыми-зерттеу институты жасауға кірісті. Министр Аймағамбетов аталмыш жобаға басынан бастап жетекшілік еткен және әр кезеңге қатысқан  

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Күн сайын клиникалық зерттеулердің қорытындысын алып тұрдым. Сараптамалардың нәтижесі мен вакцинаның тиімділігін көрген соң отандық екпені салдыру туралы шешім қабылдадым. Содан бері көп уақыт өтті. Өзімді жақсы сезінемін, ешқандай кері әсері болған жоқ, дене қызуым да көтерілмеді.

Қазір отандық өнімді зерттеудің 1-фазасы басталды. Оған 44 ерікті қатысып жатыр. Олар - коронавируспен ауырмаған 18-50 жас аралығындағы адамдар. Әр апта сайын қан тапсырып, иммунитет қалыптасу деңгейін анықтап отырады. Ал 21 күннен кейін клиникалық зерттеудің 2-ші деңгейі басталмақ. Оған 200 ерікті қатысады деп жоспарланған. 

Жанна Құрманғалиева, ҚР Білім және ғылым министрлігі ғылым комитетінің төрағасы: 

- Жалпы бұл институт 5 вакцина дайындап жатыр. Оның біреуі клиникалық сынақтар деңгейіне жетті. Екіншісі ДСҰ оны кандидаттық ретінде тіркеп, қазір ол жануарларға егіліп сынақтан өтіп жатыр. Бұған қоса институт ғалымдары тағы 3 вакцинаны дайындап жатыр.

Әзірге отандық вакцинаның қашан дайын болатыны белгісіз,- дейді ғалымдар. Аймағамбетов бастаған институттың 7 ғалымы мен 20 қызметкерінің екпеден кейінгі жағдайы қалыпты Айта кетейік, бұл жобаға мемлекеттен 1 жарым миллиард теңге бөлінген еді.  

Фариза Мұсақызы


Хабарламаларға жазылу