Украинада індеттің екінші толқыны басталды

25.09.2020

Украинада коронавирустың екінші толқыны басталды. Бұл туралы ел Президенті Владимир Зеленский Словакияға іс сапары кезінде мәлімдеді. Дерт жұқтырғандар қатары тәулігіне 3,5 мыңнан асып, қайтыс болғандардың саны 70 адамға дейін жетті. Бізбен арнамыздың Украинадағы меншікті тілшісі Аида Әбіл байланысқа шығып тұр. Аида вирустың өршуіне байланысты билік қандай шара қолдануда? 

Аида Әбіл, тілші:

- Елде әзірге нақты шара қабылданған жоқ. Ал қазіргі карантин талабына сәйкес түнгі клуб, мейрамхана мен дәмханалар кешкі сағат 23:00-ге дейін ғана жұмыс істеуі шарт. Алайда бұл тәртіпті барлығы бірдей сақтап отырған жоқ. Украинаның қалалары қызыл, жасыл, сары және қызғылт деп аталатын 4 зонаға бөлінген. Қызыл зона аймағындағы қалалар карантинді қатаң сақтауы тиіс. Киев қаласы қазір қызғылт зонаға жатқызылады. Демек, ЖОО студенттері сабақты онлайн оқиды, мектеп оқушылары сыныптың жартысы кезектесіп бір апта үйде, бір апта мектепке барып оқиды. Ал карантин ережесін сақтамаған мектеп директоры жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар лауазымды тұлғаға 150 долларға дейін айыппұл салынады. Тәртіп бұзу дерегі екінші рет қайталанса немесе мектеп басшылығының салғырттығынан оқушы өлімі тіркелетін болса, директор 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Мектеп оқушысынан коронавирус анықталған күнде барлық сынып карантинге кетуі тиіс. Әзірге елде бассейн, фитнес клубтар және метро қызметін тоқтатқан жоқ. Елде карантин бірінші қарашаға дейін ұзартылды. Ал шетелдіктер үшін қыркүйек айының соңына дейін Украина шекарасы жабық. 

Аида Әбіл

Хабарламаларға жазылу