Маңғыстауда газ тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстауда газ тапшы

24.09.2020

Маңғыстауда газ құю бекеттерінің иелері биліктен сұйытылған мұнай газының көлемін арттыруды талап етуде. Олардың айтуынша, Жаңаөзендегі газ өңдеу зауытынан ай сайын берілетін көгілдір отынның көлемі аз. Ал, қыркүйекте мүлде 20 пайызға азайған. Салдарынан кейбір бекеттерде қазір газ жоқ. Барлары қымбат бағамен сатып жатыр. 

Табысы тоқтап, бекеті жабылып қалған кәсіпкерлердің бірі - Тағанияз Боханов. Ол соңғы рет делдалдардан осы айдың басында 8 тонна газ алған. Оны бір күнде сатып жіберді. Содан бері өнім ала алмай жүр. 

Тағанияз Боханов, кәсіпкер:

- 5 ГСО құрылған. Алған газдарын өздері сата алады деген заңдағы пунктке байланысты ГСО-лар алған газын ешкімге бергісі келмейді. Соған байланысты біздің алатын газ ай сайын азаяды. 

Жоқшылықтың зардабын халық та тартып отыр. Өйткені, соңғы 2 аптада бекеттерде газ тапшы. Басым бөлігінде көлік отыны жоқ. Сондықтан жүргізушілер қаланы шарлап, газдың соңында сағаттап кезекте тұруға мәжбүр. Кеше 100-ге тарта газ құю бекетінің иелері әкімдік алдына жиналды. Мәселені төтесінен қойып, ай сайын берілетін көлік отынының көлемін арттыруды талап етті.    

Бауыржан Ерпан, Облыстық энергетика және ТКШ басқармасының газ бойынша инспекторы: 

- Кәсіпкерлерге айтылды, түсіндірілді.Қазір қағидаға сәйкес, «қазГӨЗ» ЖШС-де жиналып тұрған сұйытылған газдың көлемі - 1124 тонна. Соның 25 пайызы электронды сауда алаңдары арқылы сатылады. 

Облыста 300-ге жуық газ құю бекеті бар. Оның 60-тан астамы Ақтау қаласында. Қазір соның 80 пайызы жұмыс істемейді.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:  

- Әкімдіктегілер мәселенің айдың аяғына дейін шешілетінін жеткізді. Кәсіпкерлер оларға екі талап қойып отыр. Біріншісі Энергетика министрлігі бекіткен қағидаға яғни, қазіргі газ тарату жүйесіне өзгеріс енгізуді және ай сайын берілетін лимитті көтеру. Бірінші мәселе бойынша алдағы аптада министрлік өкілдерінің қатысуымен жиын болады деп күтілуде. Сол кезде лимит мәселесі де талқыланады.  

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу