Үлескерлердің мәселесі шешілмей тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үлескерлердің мәселесі шешілмей тұр

23.09.2020

Елімізде үлестік құрылысқа қатысты заң күшейтілсе де, үлескерлердің мәселесі шешілер емес. Мыңдаған салымшы сақалды құрылыстан мезі болса, жүздегені алаяқ компаниялардың арбауына түскен. Қазір осындай 30-ға жуық құрылыс фирмасына қатысты тергеу жүріп жатыр. Ал олардың келтірген залалы 3 миллиард теңгеден асқан. Медет Нұғманов – «Алтын шар-2» тұрғын үй кешенінің үлескері. Екі жыл бұрын үш бөлмелі пәтер алу үшін 26 миллион теңгесін санап берген. Оның бір бөлігі несие. Енді баспанасына қол жеткізе алмай, банк алдындағы берешегін ғана төлеп жүр. 

Медет Нұғманов, үлескер: 

- Олар 1,5 жыл бұрын үйді тапсыру керек болатын. Содан бері осы құрылысты бақылап келеміз. Бірақ «Шар» құрылыс компаниясы күнде ертеңмен алдап келеді. Кейбір адамдар 3 жыл болды тосып отыр. Бәрін толық төлегенбіз. 

Дәл осындай қиын жағдайға қалған мыңнан астам үлескер бар. Барлығы 1, 2 немесе 3 бөлмелі баспана алу үшін 10-нан 30 миллион теңгеге дейін өткізген. Бірақ, құрылыс алаңында олардың үйін тұрғызып жатқан тірі жан жоқ. Крандар да қалқайып құр тұр. 

Досжан Маратұлы, тілші: 

- Құрылысы тұралаған тұрғын үй қаланың көрікті жері, Есілдің сол жағалауында орналасқан. Осыған қызығып қолда бар ақшасын санап бергендер енді өкініп жүр. Өйткені «сақалды құрылысқа» айналған үйдің салынып бітетініне күмәнмен қарайды. Сол үшін үлескерлер баспанаға деп тірнектеп жиған теңгелерін қайтаруды сұрап, кеңсе алдында шу шығарды. Бірден далаға шыққан компания басшысы тағы да уәде берді - үй жарты жылдан соң беріледі.  

Берік Аманов, «Шар құрылыс» компаниясының атқарушы директоры:

- Қазір қаржы мәселесі шешімін тауып монтаж жұмыстары ақырын жүріп жатыр. Құрылыс жанданып,үй салынады. Сәл шыдасаңыздар деймін. Оның үстіне карантин де қолымызды байлап қойды. 

Қазір үлескерлердің осындай мәселелері шешілер емес. Құрылысты созғанды қойып, ақшасын жеп алдайтын өзге алаяқ компаниялар жетерлік. 

Санжар Әділов, ҚР ІІМ тергеу департаметінің басшысы:  

- Ішкі істер министрлігі алаяқтық бойынша 29 қылмыстық істі тергеп жатыр. Жүздеген үлескер жәбірленуші деп танылды. Оларға келтірілген шығын 3 миллиард 200 миллион теңгеден асты. Барлық іс біздің жіті бақылауымызда. 

Мәселені біржола шешу үшін заң күшейтілген еді. Яғни, құрылыс компаниясы кепілдік қорының рұқсатынсыз істі бастай алмайды. Әрі үйдің қаңқасын тұрғызбай, үлескерлер ақшасын құрылысқа сала алмайды. Бірақ заңды айналып өтетіндер бар.  

Ермек Мүсірепов, Қазақстан жылжымайтын мүлік федерациясының президенті:

- Бұған тұрғындардың өздерінің сауатсыздығы да себеп. Шарттарды білмейді. Осыны пайдаланған алаяқ компаниялар үлестік құрылыс туралы келісім-шарт жасасып, ақшаларын алып алады.

Сол үшін ақпараттандыру жұмысын күшейтіп, жұртты үлестік құрылысқа қатысудың ережесімен таныстыру керек дейді маман. Бұл оларды алаяқтардың арбауына түсуден сақтайтынына сенімді. 

Досжан Маратұлы 

Хабарламаларға жазылу