Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейту ұсынылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейту ұсынылды

23.09.2020

Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жаза күшейтіледі. Бүгін Мәжіліс мінберінде депутаттар осы мәселені көтерді. Бірінші оқылымда қаралған құжатқа сәйкес енді жәбір көрсеткен адамның үстінен арыз түссе бір жылда бір-ақ рет татуласуға мүмкіндік беріледі. Екінші рет қайталаса түрмеге қамалуы мүмкін. 

Карантин уақытында тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары 25 пайызға артқан. 8 айдың ішінде 130 мыңнан астам зәбір көрсету деректері тіркелген. Олардың 2,5 мыңы қылмыстық, 30 мыңнан астамына әкімшілік жаза тағайындалған. Ал қалғаны кешірім берген. Енді заңдағы ұсынысқа сәйкес, жәбірленушінің татуласуына жылына бір рет мүмкіндік беріледі. Қайталанса айыпталушы 20 тәулікке дейін қамауға алынады. 

Ирина Унжакова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:  

- Алдын-алу, анықтау, бақылау, жолын кесу, жазалау және түзету. Бүгін біз ұсынған заң осы міндеттердің дер кезінде орындалуын көздейді. Соның нәтижесінде ұрыс-керістің себеп салдары айқын дәлдікпен көрсетіледі. Ішкі істер органдарының жұмыс форматы сәл өзгеру керек. Зардап шегушіден өтінім түскесін емес, түспей тұрып себеп салдарын анықтауға кірісу керек. 

Жанжалдың болғаны емес, болдырмаудың амалын қарастыру керек. Заңда қаралған өзгертудің өзектілігі осы. Яғни, профилактика. Алдымен агресиялық күйдегі отбасы мүшесінің мінез-құлқын түзету үшін психологиялық моральдық көмекке басымдық беру керек. Бұдан бөлек, отбасылық конфликтіге куә болған туған-туыстары, көршілері бірден құзырлы органға хабарлауы тиіс. 

Алексей Калайчи, ҚР Ішкі істер вице-министрі:

- Осы заңға сәйкес, біз учаскелік полицейдің қызметін кеңейтпекпіз. Тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары тіркелген отбасылардың ортақ тізімі бекиді. Соған сәйкес, ақпараттың жалған яки шын екеніне бірден қорытынды шығаруға болады.   

Соңғы бес айда қаралған істің 10 пайызы сотқа жетіп, тек 3 пайызында ғана айыпты жазаланған. Өтініштерін кері қайтарып, кешірім берудің көптігінен зәбір көрсету деректері азаяр емес. 

Нұрлан Нығматуллин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы: 

- Жанжал болған жерге полицей келеді, қорқытады, кетеді. Мұндай жағдай жиі қайталанады. Себебі арыз жазушы ойланып қалады. 10 өтінім түссе, 2-еуі ғана сотқа жетеді. Полицейлер тарапынан кешіре салу, көз жұма салу деген болмау керек. Таяқ жеген адам соны дәлелдеу үшін 5 мемлекеттік органды кезіп жүреді. Бұлай болмау керек. Меніңше, осы заңның аясында жедел обьективті қарапайым түсінікті механизм әзірлеу керек. 

Келер жылы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жөнінде ұлттық баяндама әзірленеді. Бұл құжат статистикалық мәліметтерді жинақтап, түйкілді шешудің оңтайлы жолдарын қарастыруға мүмкіндік бермек.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

- Мәжілісте қаралған тағы бір ұсыныс. Айыпталушы мен жәбірленуші арыз жазған соң 30 күн кездеспеуі керек. Бірақ, Ішкі істер министрлігінің зардап шегушілерді уақытша жайғастыратын арнайы орны жоқ. Сондай-ақ депутаттар жәбір көрген отбасыларға жеке сот, психолог, заңгер тегін көмек көрсету керек деп санайды. Тіпті жанұя мектебін жетілдіретін жеке министрлік құрылуы тиіс делінді. Заң әзірге бірінші оқылымда мақұлданды. Ал айтылған ұсыныстар жүзеге асырыла ма, жоқ па екінші оқылымда белгілі болмақ.  

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу