Павлодар облысында 2 мыңнан астам үй құсы қырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысында 2 мыңнан астам үй құсы қырылды

22.09.2020

Павлодар облысында да үй құстары қырылып жатыр. Бүгінгі күнге дейін 2000-нан астам құстың өлгені анықталды. Ауру ошақтары Железин және Тереңкөл аудандарында анықталды. Елді мекендегі қазіргі ахуал қандай? Ауыл тұрғындарымен тілдесіп қайтқан тілшіміз толығырақ тарқатады. Тереңкөл ауданына қарасты Трофимовка ауылында құс тұмауының екі ошағы анықталды. Ауыл тұрғыны Қалден Омаровтың күнкөріс үшін бағып отырған 78 тауық, қазысынан бір ғана балапан қалған. Бірнеше күнде барлығы қырылып қалыпты. Бүгін соңғы өлексені қорасынан шығарды.

Қалден Омаров, Тереңкөл ауданы, Трофимовка ауылының тұрғыны:

- Осының ішінде 78 құсым болған. Тауық, күркетауық, қаз. Енді біреуі де қалған жоқ. Бәрі қырылып қалды. Осы құстардың жұмыртқасын, етін жегенбіз. Осымен күн көрдік. Енді тым-тырыс. Ештеңе жоқ. 

Көрші отырған үйдің иесі Анатолий Бочкарёв та көз алдында жүрген 90-ға жуық құсынан айырылып отыр. Бүгін таңертең тағы 4 құсы өлген. 

Анатолий Бочкарёв, Тереңкөл ауданы, Трофимовка ауылының тұрғыны:

- Күн сайын қырылып жатыр. Не істерімді білмеймін. Бүгін де өлген тауықтарымды барып лақтырдым. 98 тауығымнан 10 тауық ғана қалды. 

Үй құстарының өлекселері мына мал қорымына көміліп жатыр. Бүгінгі күнге дейін Тереңкөлде 200-ге жуық үйрек, қаз және тауық қырылса, аймақ аумағында 2 мыңнан астам құс қырылған. Биліктегілердің айтуынша, ауылдағы үй құстарына жедел екпе салынып жатыр. Ауру ошағы тіркелген елді мекендерді де карантинге жаппақ. 

Қайырбек Әбсәлямов, Тереңкөл ауданы, Трофимовка ауылының әкімі:

- Округ бойынша 5000-нан аса құс бар. Трофимовкада 1800 бас. Бәріне екпе жасалынды. Қораларына дезинфекция өткізілді. Бүгін кешке немесе ертең таңертең карантин енгізіледі. 

Құс тұмауының алдын алу үшін ауыл ошақтарындағы құстардың барлығы жойылмақ. Індет өршіп кетпеу үшін облысқа 465 мың дана вакцина жеткізілген. Павлодар облысында құс тұмауы соңғы рет осыдан 15 жыл бұрын тіркелген. 

Аяулым Рахымжанова


 


Хабарламаларға жазылу