Биыл елімізде 18 млн тонна астық жиналмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл елімізде 18 млн тонна астық жиналмақ

22.09.2020

Биыл елімізде 18 млн тонна астық жинау жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі баяндады. Сапархан Омаровтың айтуынша, қазір күзгі науқан аяқталуға жақын. Яғни, егіннің 93 пайызы жиналған. Ал өнімділік - гектарына 12 центнер. Бұл ішкі нарықты қамтуға ғана емес, экспортқа шығаруға да жеткілікті. Сол үшін 8 млн тонна астық Орталық Азия елдері мен Ауғанстан және Қытайға тасымалданбақ. Сол үшін Премьер-Министр егін жинау науқанын дер кезінде аяқтап, оны дұрыстап сақтауға тапсырма берді. Әрі Ауыл шаруашылығы министрлігі еліміздің экспорттық әлеуеттін арттыру бойынша жаңа жол картасын әзірлеуі тиіс.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Жаһандық үрдіске қарағанда әлемдік нарықта азық-түлікке деген сұраныспен баға тек арта береді. Сондықтан біздің басым міндетіміз – астық өсіру мен одан жасалатын өнімдер экспортының көлемін айтарлықтай ұлғайту. Жалпы, елімізде астық және одан жасалатын өнімдердің экспорттық әлеуеті өте жоғары. Осы әлеуетті барынша іске асыру қажет. 

Сондай-ақ Үкіметте тұтынушылардың құқығын қорғау мәселесі де қаралды. Өйткені тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасына көңілі толмайтындардың саны азаймай тұр. Биыл Тұтынушылардың құқығын қорғау комитетіне сегіз мыңға жуық адамнан шағым түскен. Олардың барлығына бірдей көмек көрсету мүмкін емес дейді Сауда және интеграция министрі. Сол үшін Бақыт Сұлтанов дамыған елдердің тәжірибесіне сүйеніп, Тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңес құруды ұсынды. Әрі осы бағытта жұмыс істейтін ұйымдарды біріктіріп, ірі қауымдастық құру туралыда бастама көтерді. Сөйтіп кеңес пен қауымдастық екі жақтап, тұтынушыларды қорғамақ.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу