Құс тұмауы өршіп барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құс тұмауы өршіп барады

21.09.2020

Солтүстік Қазақстан облысындағы 11 елді мекенде карантин жарияланды. Бұған қоса, бүгін облыстағы тағы 6 ауылға шектеу енгізілмек. Ресми ақпар бойынша, өңірде 52 мыңнан астам құс қырылып қалды. Бүгін республикалық арнайы жасақ өз жұмысына кірісті.

Сағындық Сәбитұлы, тілші:   

- Біз қазір індет ошағы анықталған Бескөл ауылында тұрмыз. Мұнда ірі құс фабрикасы бар. Ветеринарлар ауылдың шыға берісіне дезифекциялық барьерлер орнатқан. Яғни, өткен көліктер арнайы ерітінді құйған жолақтың үстінен өтеді. Бұл індеттің ары қарай өршімеуіне мүмкіндік береді дейді.  

Солтүстік Қазақстанда арнайы жасақ мамандары өлекселерді жинап, өртеу жұмыстарын бастады.    

Бұған қоса, жеке аулаларды зарарсыздандру, екпе жұмыстары да қолға алынды. Жалпы биыл жыл басынан бері 600 мың құсқа екпе салынса, республикалық қордан вакцинаның тағы 873-мың дозасы жеткізілді.  

Берік Әлжанов, облыстық ветеринария басқармасының басшысы:  

-Карантин енгізілген ауылдарда эпизоотияға қарсы күрес отряды өкілдері жұмыс істеп жатыр. Олар өлекселерді жинап өртейді. Ауру ошағын зарарсыздандырып, айналасындағы 20 шақырым жерге дейінгі үйлердегі құстарға екпе салынады.   

Осыған дейін фабрика иелері өтемақы алу үшін құстарын әдейі қырып жатыр деген болжам тараған болатын. Бұл сауалға бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері жауап берді.  

Қызғалдақ Жұбатқанова, ҚР АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы:  

- Әдейі өлтіру шындыққа жатпайды. Өйткені, әр құстың өлімі міндетті комиссия мүшесімен тіркеледі. Міндетті актілерге қол қойылады. Онда жергілікті әкімдік, ветеринарлық бақылау, қадағалаудың негізгі мүшесі республикалық эпизоотиялық отрядымыз бар.  

Мамандардың айтуынша құс иелеріне шығындары өтеледі. Яғни, акт толтырып, растағаннан кейін әр құсқа нарықтағы бағасына сай өтемақы қарастырылады. Ал облыста құс еті мен жұмыртқасы бағасын қымбаттатпау бойынша жұмыстар қолға алынды.  

Сағындық Сәбитұлы



Хабарламаларға жазылу