Ұлттық арнадан «Жүзден жүйрік» жобасы көрерменге жол тартады

18.09.2020

Ұлттық арнаның жаңа маусымында «Жүзден жүйрік» атты жаңа жоба эфирге шықпақ. Интеллектуалдық бағдарламаның басты мақсаты – ұлттық дәстүр мен мәдениетті, тарих пен әдебиетті насихаттау.

Шоудың хас шебері, жүргізуші - Нартай Аралбайұлы. Алғашқы тракт. Нақтырақ айтсақ, әр өңірден іріктелген 16 адамды аямай сынап жатыр. Өлшеуге түсетін білектің күші емес, әрқайсының интелектісі.

Нұрлан Құнафин, қатысушы:

- Еліміздің тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрлеріне байланысты сұрақтар қойылды. Бұл - тәуелсіздігіміздің 30 жылдығының қарсаңында жасалып жатқан бағдарлама.

Бағдарламаның аты да, затына сай. Мұнда соңғы үлгідегі инновациялық технология мен интерактив қолданылған. Тың дүниені игеріп жатқан режиссер риза.

Алтынбек Рахметов, бағдарлама режиссері:

- Бұрын-соңды қазақ телевизиясында, медиа аймақта осындай жоба болмаған. Бұл Ұлттық арнаның төл туындысы деп атауға болады.

Трендтен қалмай, тың технологияның әдісін сіз де игере аласыз. Бұл жүйе бір мезгілде елдің түкпір-түкпірінде отырған 100 адамның ойынға қатысуына мүмкіндік береді.

Рауза Балмағанбетова, қатысушы:

- Түсіріліп жатқан бағдарлама ерекше. Жастарымызға, еліміздің азаматтарына қажет деп ойлаймын.

Керек болғанда қандай?! Қазақ тарихы туралы біліміңіз бен тіліңізді дамытудың жаңа мүмкіндігі бұл. Өткізіп алмаңыз. Алғашқы бағдарлама қыркүйектің 20-сы күні сағат 20:50-де эфирге шығады. Диванда бойыңызды жазып, теледидардан ойыңызды шынықтырып алыңыз. Ұлттық арна 1,5 сағаттың зыр етіп өтетініне кепілдік береді. Өйткені, сайысқа түсетін кіл мықты. Нағыз ақыл мен білім сынға түскенде құтқаратын бір-ақ жайт - ойы жүйрік қана жүзден жүйрік.

Амангелді Сейітхан 

Хабарламаларға жазылу