Еліміздегі мектептерде экологиялық тәрбие сабағы өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздегі мектептерде экологиялық тәрбие сабағы өтіп жатыр

18.09.2020

Мектептерде экологиялық сабақтар өтіле бастады. Басты мақсат- балаларды қоршаған ортаны аялау мен қорғауға баулу. Соңғы уақытта жануарларға қатыгездік жасау, табиғатты бүлдіру белең алды. Аталған сабақтар осы олқылықтың алдын алуға сеп болады деген үміт бар.  

Қоршаған ортаны қорғауға бала кезден баулымаса болмайтын сыңайлы. Ересектердің жаға ұстатарлық әрекетіне сан рет куә болдық. 

Атырауда итті азаптағандар мен Ақтауда итбалықты сабағандар осының айғағы. Бейнетаспаға түспей қалғаны қаншама. Күні кеше Көктөбеде қолтырауынды қыдыртып жүрген қаршадай қыздың қылығын да қоғам оң қабылдаған жоқ.  

Адам мен табиғаттың үндес болу әдебін үйрету керек деушілердің бірі - Әбдірахман. Оның негізгі мамандығы биология пәнінің мұғалімі. Бірақ қосымшадан да қашпайды. «Экологиялық сабақтың» әдістемесін жасауға күш салуда. Әзірге ғаламтордан алып оқытып жүр.  

Әбдірахман Атабай, биология пәні мұғалімі:

- Мейірім, адамгершілік деген құндылықтарды осылай біз ғылыми тұрғыдан сіңіруге көмектесеміз. Сабақ барысында оқушылар қоршаған ортаға, табиғатқа, жануарға деген жақсы қарым қатынасты үйренетін болады.  

Президент өз Жолдауында Экологиялық кодексті жетілдіру керектігін де тапсырды. Қазір тиісті заң жобасы пысықталып жатыр. Онда негізінен жаза емес, қажетті нормалар көзделген. Соған сүйене отырып әкімшілік және қылмыстық кодекске толықтырулар енгізіледі. «Демек қайткен күнде де жануарларды азаптаушы мен табиғатты ластаушы жазадан құтылмайды»,-дейді сала министрлігінің өкілі. 

Аян Мейраш, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы:

- Әкімшілік жаза мен қылмыстық жаза бекітілген. Жануарларға озбырлық көрсетсе, қиянат жасаса негізі жаза бар бірақ толық қамтылмаған. Бұл заң осы тұрғысында бұл бағыттағы жұмыстарды тереңдеу зерттеп, толығырақ қамтиды деп сенеміз. 

Экологиялық кодекс жетілдірілгенше жеткіншектерді жаман әдеттен аулақ болуға үндеу маңызды. Арнаулы сабаққа қатысуға оқушы міндетті емес. Әйтсе де, қызығатындар аз емес. Қазір 5-6 сыныптағылар дәріс алуда. Бірақ тек білім беру жеткіліксіз. Үйдегі тәрбиеге де ден қою керек. «Нәтижесі сол кезде анық көрінеді», - дейді мамандар.   

Мадина Жолдас

Хабарламаларға жазылу