Қарағанды облысында коронавирустың екінші толқынына әзірлік күшейтілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында коронавирустың екінші толқынына әзірлік күшейтілді

18.09.2020

Госпитальдерде 5 мыңнан астам орын дайын. Соның 400-ге жуығы жансақтау бөліміне тиесілі. Бұған қоса тест сараптамасын жүргізетін 7 орталық жұмыс істемек. Әрқайсысы тәулігіне 6600 адамды тексерістен өткізе алады. Жұқпалы аурулар ауруханасы ретінде пайдаланылатын 4 мекемеге күрделі жөндеу жүргізілді. Ал Жезқазғанда қазан айының соңына қарай жаңа аурухана іске қосылады. Қолданыстағы 192 жасанды тыныс алу аппараттарының үстінен тағы 151 құрылғы сатып алынды. Облыстағы 24 медициналық мекеме оттегімен қамтамасыз ететін орталықтандырылған желімен жабдықталмақ. Қажет жағдайда дәрігерлерге резидентурада оқып жүрген жас мамандар көмектеспек.

Гамаль Тоқсамбаев, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Бүгінгі күні бізде 1,5 айға жететін дәрі-дәрмек қоры сақталған. Тамыз айында қосымша келісімшартқа қол қойған болатынбыз. Қазір дәрі-дәрмектерді қоймаларға тасу жұмыстары басталды. Ол қор келесі жылдың наурыз айына дейін жетеді. Ауылдық елді мекендер үшін 1 миллиард теңгеден астам сомаға келісім жасалды. Препараттар уақытылы жергілікті дәріханаларға жеткізілетін болады.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу