ШҚО-дағы ауыл жұрты жедел жердем жүйесінің тиімсіздігіне наразы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-дағы ауыл жұрты жедел жердем жүйесінің тиімсіздігіне наразы

17.09.2020

Шығыс Қазақстандағы аудандардың халқы жедел жердем жүйесінің тиімсіздігіне наразы. Мәселен, бұрындары ауылдықтар аудан орталығындағы ауруханаға тікелей хабарласатын болса, соңғы жылдары 103-ке шалған қоңырау Өскемен мен Семейге түсетін болған. Бұл науқастарға көмектің кешікпей келуіне кедергі,- дейді көпшілік. Енді халық жедел жәрдем шақырудың ескі әдісіне қайтаруды сұрап отыр. 

Ақсуат ауылының тұрғыны Алма Байсадықова талма дертіне шалдыққан. Жедел жәрдемге айына 5-6 рет жүгінеді. Кейінгі кезде 103-ке хабарласу қиындап кетті, -дейді. Яғни қоңырау бастапқыда Өскемендегі станцияға түсіп, ондағы мамандар аудандағы диспетчерлерге хабар береді. Бұл жаны қысылып жәрдем іздегендерге керісінше бөгет,-дейді ауылдықтар.

Алма Байсадықова, Ақсуат ауылының тұрғыны: 

-103 алады. Орысша сөйлейді. Бұрын жедел жәрдем шақырғанда 15 минуттың ішінде келетін. Ал енді 45 минуттан кейін келеді. 

Мұндай тәжірибе аудан орталықтарында 2019 жылдан бастап іске қосылған. Жаңа жүйенің тиімсіздігін ауылды жердегі жедел жәрдем мамандарының өздері де мойындап отыр. Ұялы байланыс нашарлап, ғаламтор әлсіресе, шақырту тіптен кешеуілдейді. Салдарынан түрлі ауыр жағдайлар да болған. Әсіресе биыл коронавирус өршігенде жедел жәрдем көлігін облыс орталығы арқылы хабарласып шақыру тіпті тиімсіз екендігін байқатты. 

Насихат Сайлаубаева, жедел жәрдем бөлімшесінің фельдшері:

- Планшетке қалай түссе, соған ғана жауаптымыз. Оған дейін қанша аралық уақыт өткендігін біз білмейміз. 

Ал Семей қаласындағы станция мамандары мұндай жүйенің ешқандай кедергісі жоқ. Керісінше жоғары жылдамдықтағы интернеттің арқасында игілігін көріп отырмыз, - дейді.  

Жанар Сақтыбаева, Семей қаласындағы жедел жәрдем станциясының дәрігері:

- Бұл ешқандай уақытты алмайды. 1 минуттың ішінде аудандағы диспетчерге хабар беріледі. Олар 30 секундтта аттанады. Бұл өте жылдам. 

Қалада отырған мамандар мен ауыл халқының пікірі осылай қарама-қайшы. Енді ауылдағы ағайын Денсаулық сақтау министрлігі бұл түйткілге назар аударып, жедел жәрдем жедел жетуі үшін ескі жүйені қайтаруды талап етіп отыр. 

Ержан Жақып



Хабарламаларға жазылу