Қостанай облысында ауыл әкімдігіне кандидатты қоғамдастық мүшелері дауыс беру арқылы ұсынды

17.09.2020

Қостанай облысының Қарасу ауылында ауыл әкімдігіне кандидатты қоғамдастық мүшелері ашық дауыс беру арқылы ұсынды. Яғни енді солар таңдаған үміткерлер кандидат ретінде тіркеліп, сайлауға түседі. Мұндай оқиға Қарасуда ғана емес, осы елді мекен құрамына кіретін Аманкелді ауданында бірінші рет болып отыр. 

Бұл жиын бұрынғыдан өзгерек. Жұртты жалықтыратын жаттанды сөз айтылып, құрғақ баяндама оқылмады. Қатысушылар таласты, тартысты, дауласты. Себебі әркім өзі таңдаған адамның сайлауға түскенін қалайды. Үміткерлерін қолдап сөз алғанда эмоцияға ерік бергендер көп. Жұртты сабырға шақырып, басу айтқандар да болды. 

Жанбосын Есполов, ауыл тұрғыны:

- Сырт жаққа шығудан қалдық. Таққа таласып жатсыңдар ма деп сұрайды. Кейінгі ұрпаққа не өнеге береміз? Алдыңғы дөңгелек қалай жүрсе, кейінгісі сонда жүреді. 

1000-ға тарта тұрғыны бар Қарасу ауылында 40 адам қоғамдастыққа мүше. Бұларды көпшілік сенім білдіріп өздері сайлаған. Бүгінгі жиынға сол қырықтың 30-ы қатысты. Кандидаттыққа үміткер төртеу. Олардың әрқайсының аты аталғанда көпшілік қол көтеру арқылы ашық дауыс берді. Сөйтіп 30 адамның 50 пайыздан астамы қолдаған екі үміткер кандидаттыққа өтті.  

Әмірхан Асанов, Аманкелді ауданының әкімі: 

- Аудандық мәслихатта 12 депутат бар. Сайлауалды науқанын жүргізеді. Аудандық газетте, әлеуметтік желіде өздерінің бағдарламасын жариялайды. Депутаттар соларды сараптай келе сайлайды. 

Тұрғындардың бірқатары бұрынғы тағайындалған және депутаттардың таңдауымен сайланған әкімдердің жұмысына көңілдері толмайтынын айтады. Сондықтан өздері ұсынған азаматтар ауылды көркейтуге күш салады деп сенеді. 

Серік Наурызбаев, ауыл тұрғыны:

- Ауылға су тарту, мектеп, балабақша салу, кәсіпкерлікті дамыту бағытында жұмыстар жасалса деп ойлаймын. Сондықтан осы істі атқарады деген сеніммен өз кандидатымды ұсындым. 

Дегенмен бұл үрдіс те жергілікті өзін-өзі басқарудың толық жүзеге асқанын көрсетпейді. Себебі көпшілікке әлі де әкімді қоғамдастық таңдап, мәслихат сайлап беріп отыр. Сондықтан Президент Жолдауында айтылғандай әкімді тұрғындар тікелей сайлауға көшкенде ғана түйткіл түбегейлі шешілуі тиіс. 

Дәуренбек Әбдібек  



Хабарламаларға жазылу