«Сыр жастары - 2025» жобасы әзірленуде

16.09.2020

Сыр өңірінде серпінді жобалар әзірленуде. Президент Жолдауын жүзеге асыру мақсатында қолға алынған жобаның бірі - «Сыр жастары – 2025» жол картасы. Оған сай алдағы жылдары 6 мыңға жуық жасты еңбекке тарту жоспарланған. 

Алдымен, мектептер мен мәдениет үйлеріндегі үйірмелер жұмысы жандандырылмақ. Өйткені Президент Жолдауында өскелең ұрпақтың шығармашылық әлеуетін дамытуға назар аудару қажеттігі айтылды. Қазір Қызылорда облысында 10 мыңнан астам жас түрлі үйірмелерге тартылған. 

Серік Ахмет, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары:

- Қазір облыстағы 173 мәдениет үйінде 854 үйірме бар. Оларда 10606 адам қамтылған. Жолдау аясында алдағы жылы үйірме санын 1000-ға қатысушыларды 11500-ге жеткізу жоспарлануда. 

«Жол картасы» бес бағытты қамтиды. Әсіресе, еңбекші жастарды жұмыспен қамтуға басымдық берілген. Өйткені аймақ жастарының 8,4 пайызы, яғни 13 мыңнан астамы білім алып жүргендер қатарында да, жұмыс істеп жүргендер санатында да жоқ. Кәсіпке қызығушылығы жоқ, қоғамдық өмірден де қол үзген. Жаңа жоба осы кемшіліктерді жоюға бағытталған.

Серік Ахмет, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары:

- Алдағы бес жылдықта 6 мыңға жуық жас «Жасыл ел» және «Жас құрылысшылар» жасақтарының қатарында еңбек ететін болады. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына мемлекеттік гранттар мен инвестициялар тартылып, өңірдегі NEET санатындағы жастардың үлесін төмендету көзделуде.

Бүгінде облыста 21 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істесе, 20 мыңнан астам оқушы спортпен айналысады. Соңғы екі жылда Сыр өңірінде 16 спорт кешені пайдалануға берілген. Ал азаматтық қоғамның белсенділігін арттыру үшін жақын арада «Әлеуметтік жобалар жәрмеңкесін» өткізу де көзделіп отыр.

 Асқар Сәрсенұлы



Хабарламаларға жазылу