«Nurly ertis» бағдарламасымен Екібастұзға көшіп барғандар елордаға қайта оралуға ниетті

16.09.2020

«Nurly ertis» бағдарламасы аясында Нұр-Сұлтаннан Екібастұзға көшіп барған отбасылар елордаға қайта ораламыз деп отыр. Екібастұзға Нұр-Сұлтаннан қоныс аударған 203 отбасы елордаға қайтпақ. Олар Екібастұздағы пәтерлерін тек бес жылдан кейін ғана жекешелендіре алады. Әзірге бұл шаңырақтар баспананы жалдап тұрып жатыр. Екібастұзға баспана үшін келгендердің бірі Ғабитжан Қайдаровтың Нұр-Сұлтанда жақсы жұмысы болған. Елордадан ол тек баспана үшін көшті. Бірақ Екібастұзда отағасына отбасын асырап-бағу қиын болып тұр.

Ғабитжан Қайдаров, Екібастұз қаласының тұрғыны:

- Пәтер мәселесі қиындау болды. Бұл үйді әлі де алуға болады. Бірақ сапасын дұрыстаса болар еді. Бұл жақта мәселе шешілмейтін болса, амал жоқ кетеміз. 

Мемлекет қоныс аударушыларға баспана мен коммуналдық қызмет ақысын бір жыл төлеп берген. Пәтердің бір шаршы метрі бастапқыда 152 теңгеден 166 теңге аралығында болған. Қазір әкімдік бағаны 122-130 теңгеге дейін төмендетті. Қоныс аударушылардың айтуынша, көшіп келер алдында атқамінерлер бір шаршы метр үшін 99 теңгеден төленеді деп уәде берген. Орта есеппен пәтер ақысы айына 8000-13000 теңгені құрайды. Олар баспананы бес жылдан кейін төленген жалдау ақысын шегере отырып, қалдық құны бойынша сатып ала алады.

Алтынай Қырқымбекова, Екібастұз қаласының тұрғыны:

- Бес жылдан кейін бұл үй қандай болады? Үй суық. Құрылыс сапалары өте төмен.  

Жергілікті билік қоныс аударушыларға жұмыс табылады, ал құрлыстағы олқылықтар қыркүйектің аяғында жойылады деп уәде берді. 

Бауыржан Ахметов, Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары: 

- Мердігер ұйымды сотқа бердік. Бүгінгі таңда жұмыс кестесі белгіленді. Әр пәтерде жұмыстар жүргізіліп жатыр. 

Шарт бойынша қоныс аударушылар Нұр-Сұлтанға қайта оралатын болса, мемлекеттен шыққан шығындарды өтеуі тиіс. 


Аяулым Рахымжанова 

Хабарламаларға жазылу