Әлем елдерінде коронавирус індеті жылдам көбеюде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлем елдерінде коронавирус індеті жылдам көбеюде

16.09.2020

Ай басынан бері Францияда жабылған мектептер саны 80-нен асты. Себебі, коронавирус жұқтырған оқушылар көбейіп келеді. Ал, Үндістанда Сovid инфекциясына шалдығу оқиғалары өзге елдермен салыстырғанда жылдам көбейіп жатыр. 

Үндістанда коронавирус жұқтырғандар саны әлем бойынша ең тез өсіп, 5 миллионнан асып кетті. Осылайша, бұл мемлекет Сovid диагнозы қойылған пациенттер саны жағынан АҚШ-тан кейінгі екінші орынға шығып отыр. Соңғы бес тәулікте күніне кемінде 90 мыңдай үндістандықтан қауіпті инфекция табылып жатыр. Ал, одан қайтыс болғандар 80 мыңнан кем емес. 

Рави Малик, Үндістан медициналық қауымдастығының бұрынғы хатшысы:

- Көбірек алаңдататын жайт сол – соңғы миллион 11 күнде қосылды. Бұған дейін коронавирусқа шалдыққандар шамамен 13 күнде бір миллионға артатын. Инфекция жан-жағын орман өрті тәрізді шарпып барады. 

Эпидемия Францияда да қайта өршіп отыр. Сондықтан, мұнда ай басынан бері жабылған мектептер саны 81-ге жетті. Елдің денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, өткен аптаның соңынан бері 1200-ге жуық оқушыдан коронавирус табылды. Сондықтан, сабақты тоқтатуға тура келіп отыр. 

Кейінгі 24 сағатта Германияда, Ирландияда, Испанияда да Сovid жұқтырғандар саны айтарлықтай артты. Мадрид дәрігерлері болса, өздеріне жұмыс істеуге жағдай жасауды және қолдауды талап етіп шеруге шықты. Айта кетсек, бұл корольдік Еуропада коронавирустан ең көп зардап шегіп, жұқпалы инфекция 600 мыңнан астам тұрғыннан табылған.

Мария Изабел Энгема, дәрігер:

- Бізге қосымша ассистенттер, медбикелер, докторлар керек. Кадр мәселесі шешілмегендіктен, қыркүйекте ауырып жатқан дәрігерлер бар. Сонда желтоқсанда жағдайымыз не болады?

«Рейтер» агенттігінің дерегінше, жер шарында бүгінге дейін коронавирусты 29 жарым миллионнан астам адам жұқтырып, 932 мыңға жуығы осы инфекциямен байланысты аурулардан жан тәсілім еткен.

Пандемиядан ең қатты зардап шеккен елдер – АҚШ, Үндістан, Бразилия. Құрама Штаттарда Covid-19 вирусы 6,5 миллионнан астам америкалықтардан табысып, құрбандар саны 200 мыңға таяп қалды.


Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу