Бельгияда коронавирус қайта өршіді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бельгияда коронавирус қайта өршіді

15.09.2020

Соңғы бір аптада елде коронавирус жұқтырушылардың саны 42 пайызға өскен. Осыған алаңдаған вирусологтар мен елдің денсаулық сақтау министрі халықты сақтық ережелерін бұлжытпай орындауға шақыруда. 

Нұрсұлу Қасым, тілші:

- Бүгін бір тәулікте коронавирусты 681 адам жұқтырғаны анықталды. Өзіңіз айтып өткендей, бұл өткен аптамен салыстырғанда 42 пайызға көп. Індеттен қайтыс болушылардың саны азайғанымен, ауруханаға түсушілердің 78 пайызға артуы дәрігерлерді алаңдатып отыр. Індет өршіп тұрған аймақтардан, демалыстан, саяхаттан оралып жатқандар әлі де көп. Олар елге келісімен бірден тест тапсырып, 14 күн оқшаулануы тиіс. «Дегенмен карантин ережелеріне бағынбай көше кезіп жүргендер әлі де жетерлік», - дейді вирусологтар. 

Стивен Ван Гухт, вирусолог:

- Вирус күннен-күнге өршіп барады. Әр азамат өзінің жауапкершілігін арттырмаса, індет жұқтырушылардың саны осылай көбейе береді. Қазір күніне 30 мың тест тапсырылып жатыр. Нәтижесі көңіл көншітпейді. 

Нұрсұлу Қасым, тілші:

- Осы тестінің қорытындысы бойынша Брюссельдегі екі мектеп мұғалімінен COVID-19 анықталып, «індетті ұстаздарынан жұқтыруы мүмкін» деген күдікпен төменгі сынып оқушылары екі апталық карантинге жіберілді. Бельгияда оқушылар, студенттер оқу ордаларына 1 қыркүйекте оралған болатын. «Егер жағдай ушығатын болса, олар қайтадан қашықтан оқуға көшуі мүмкін», - дейді вирусолгтар. Жалпы, бүгінге дейін Бельгияда коронавирусты 93 мыңнан астам адам жұқтырып, індеттен 10 мыңға жуық адам көз жұмды.

Хабарламаларға жазылу