Елімізде тұмауға қарсы вакцинация науқаны басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде тұмауға қарсы вакцинация науқаны басталды

14.09.2020

Биыл елде екпе науқаны екі аптаға ерте басталды. Себебі коронавирус пандемиясы кезінде тұмау өршіп, салдары қауіпті болуы мүмкін. Маусымдық тұмауға қарсы алғаш болып вакцина салдырған - Денсаулық сақтау министрі. 

Тұмауға қарсы екпені бірінші болып елдің бас дәрігері Алексей Цой салдырды. Бұл вакцина бізге таңсық емес. Ресейдің «Гриппол+» өнімі. Оны Қазақстан жыл сайын тұрақты түрде қолданып келеді. Биыл 2 млн 200 мың дозасы сатып алынған. Медицина саласының қызметкерлері, балалар мен қарт адамдар және диспансерлік есепте тұрғандарға екпе тегін салынады. Ал ақылы алушыларға 1 млн дозасы тағы бар.   

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі: 

- Мен жыл сайын тұмауға қарсы екпені алуға тырысамын. Тек бір жыл ғана ала алмай қалдым. Нәтижесін көріп жүрмін, ауырған күннің өзінде жеңіл өтеді. Вакцинаның сапасына күмән жоқ. Тиісті зертханалық сынақтардан өткен, қауіпсіз. 

Былтыр елімізде 430 мың адам тұмауратса, оның 60 пайыздан астамы 14 жасқа толмаған балалар. Сол себептен, балабақша мен мектеп жасындағылар бірінші кезекте қамтылады. Оның үстіне коронавирус пандемиясы кезінде тұмау да күрт өршуі мүмкін. Сол себептен биыл екпе жылдағыдан ерте әрі көбірек салынады. 

Тимур Сұлтанғазиев, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің комитет төрағасы: 

- Не үшін қазір жасалып жатыр? Жыл сайын біздің мәліметтер бойынша қазан айының ортасында тұмаумен және ЖРВИ күрт көбейеді. Ал вакцинадан кейінгі иммунитет 2 аптадан кейін болады. 

Ал коронавирусқа қарсы вакцина әзірге жоқ. Сол себептен, қауіпке қорған – сақтық. Қазір елдегі эпидахуал тұрақты болғанмен, әлемнің бірқатар елінде екінші толқын басталып та кетті. Сол үшін билік барынша қамданып жатыр. Қазан айынан бастап ПТР тест жасау тәулігіне 60 мыңға дейін көбейтіледі.  

Асима Нұрбайқызы, тілші: 

- Шатастырмау керек, бұл - тек тұмауға қарсы екпе. Сол себептен салқын тиюден ғана сақтайды. Дегенмен, қазіргі эпидахуал кезінде оның ықпалы зор. Жағдайды тұрақты ұстауға, тұмауды өршітіп алмауға мүмкіндік береді, - деп отыр мамандар. Бүгіннен басталған екпе науқаны 2 айға жалғасады. 

Асима Нұрбайқызы



Хабарламаларға жазылу