Асхат Аймағамбетов: Қашықтан оқытуға 70 млн доллар бөлінді деген ақпарат шындыққа жанаспайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Асхат Аймағамбетов: Қашықтан оқытуға 70 млн доллар бөлінді деген ақпарат шындыққа жанаспайды

10.09.2020

Мектептер негізгі вирус ошағына айналуы мүмкін. Сол себептен қашықтан оқыту жүйесі әзірге жалғасады. Оның үстіне елде эпидахуал әлі тұрақталған жоқ. Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бала мен ұстаздардың денсаулығын бірінші орынға қоюымыз керек, - дейді. 

Қашықтан оқуға қатысты жұрттың шағымы көп. Тіпті, басым бөлігі қалыпты форматқа көшуді сұрап отыр. Бірақ, білімнен бұрын балалардың денсаулығы маңызды. Оның үстіне, дәстүрлі оқыту жүйесіне көшкен шетелдегі жағдай мәз емес. Германия, Англия, Ақш, Франциядағы кей мектептер вирустің өршуіне байланысты карантинге қайта жабылып жатыр. Алғашқы карантин кезінде балабақшаларда кезекші топтарды ашу сәтсіз болғаны есте. Біраз бала вирус жұқтырды. Осы жағдайларды ескере отырып, қашықтан оқыту форматын жалғастырғанымыз дұрыс, - дейді брифинг спикерлері. 

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

 - Жалпы вирустың таралуы тізбегі бір баладан басталып, қоғамға жету мүмкіндігі өте жеңіл екендігі белгілі. Ашығын айтқанда, бала сынып, мектеп, ата-ана, ұжым, қоғам, солай жалғаса береді. Сондықтан бұл бағыт та Мемлекет басшысының бақылауында. Түсіп жатқан әр сұраққа шұғыл түрде жауап беріледі.  

Жарты жылда вирусті 2400 бала жұқтырған. 34-і әлі ем алуда. Қазір оқушылардың 80 пайызға жуығы қашықтан білім алып жатыр. Осыған қатысы қоғамда дау да көп. Депутаттар бөлінген қаржы желге ұшты деген болатын. Бірақ, бүгін Білім министрі оны жоққа шығарды.  

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Қашықтан оқытуға 70 млн доллар бөлінді деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Қашықтан оқыту тек биыл сәуір айында енгізілді. Ол кезде бюджеттен ешқандай ақша бөлінген жоқ. Төтенше жағдай кезінде платформалар ақша сұраған жоқ. Тіпті, телевизиялық сабақтар да тегін өтті. Ал дүниежүізілік банкінен алған қарыз бойынша қаражат өзара келісімге сәйкес 2021 жылы ғана қажетті бағытқа жұмсалады

Қашықтан оқытудың негізгі машақаты – интернетте. Оның сапасы нашар. Балалар тау-тасты жағалауға мәжбүр. Бірақ бұл олқылықтарды бір күнде реттеу мүмкін емес, - дейді құзырлы орган өкілдері. Оның үстіне кей ауылда үйлер аз. 

Раушан Сайлауқызы, тілші:

- Интернет мәселесін реттеу үшін министр екі жобаны ұсынды. Алғашқысы талшықты оптикалық желі арқылы 1200-ден астам ауылға интернет жеткізу. Екіншісі 3G, 4G жоғары мобильді байланыспен қамту жобасы. Осыған қатысты қазіргі уақытта байланыс операторларымен меморандум жасалып жатыр. Бұл қашықтан оқытудың мәселесін реттей ала ма? Ол уақыттың еншісінде.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу