Өңірлерде қатерлі індеттің екінші толқынына дайындық жүруде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өңірлерде қатерлі індеттің екінші толқынына дайындық жүруде

10.09.2020

Өңірлерде қатерлі індеттің екінші толқынына дайындық қызу. Ақтау қаласында 200 орынға арналған модульді жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы қарқын алды. Ал, Оралда қалалық инфекциялық стационар жабылды. Атыраудағы облыстық перзентханада коронавирусқа шалдыққан соңғы науқас аман-есен босанып, үйіне жіберілді. 

Ақтөбе облысында соңғы тәулікте вирус жұқтыру дерегі тіркелген жоқ. Стационарларда 181 адам емделіп жатыр. Жедел жәрдем бригадасын шақырту үш есеге төмендеді. Өңірде екінші толқынға әзірлік мығым. Стационарлар мен провизорларда дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныс заттарының үш айлық қоры жинақталды. Дегенмен, шешілмеген мәселе де жоқ емес.

Нұржауған Қалауов, облыс әкімінің бірінші орынбасары: 

- 3 стационар бойынша кислород станциясын орналастыру мәселесі толық шешілмей тұр. Он миллионнан 30 миллионға ұсыныс беріп отырмыз. 

Ақтау қаласындағы бірінші шағын ауданда салынып жатқан модульді жұқпалы аурулар стационарының құрылысының жартысына дерлігі бітті. Емдеу мекемесі 200 орынға арналған. Нысан заманауи диагностикалық құрылғылармен жабдықталмақ. Ашылғаннан кейін 300-ден аса медицина қызметкері жұмысқа қабылданады. 

Нұрлыбай Аққұлов, облыс әкімінің орынбасары

- Қазан айына дейін осы жұмыстардың көпшілігі бітіп, аяқтау жоспарымызда бар. Қаражат жағынан мәселе жоқ. Жергілікті бюджеттің қаражаты емес. Бұл-инвестордың қаражаты. 

Өскемендегі балабақшаның бірінде «тұзды үңгір» бөлмесі ашылды. Оған бюджеттен 2 млн теңгенің үстінде ақша жұмсалды. Мұнда суық тию, тұмау ауруларына қарсы балғындардың иммунитетін арттыруға болады. Бүлдіршіндер 15-20 минуттан он сеанс қабылдайды. Бөлменің қабырғасы мен едені тегіс тұздан жасалған және натрий хлоридінің құрғақ аэрозолін шашып тұратын галогенераторлар орнатылған. 

5 қыркүйекте соңғы науқасы сауығып шыққан Орал қалалық инфекциялық стационары жабылды. Үш айда мұнда 2,5 мың адам ем алған. Бүгінде бұл нысан көпбейінді аурухана ретінде қайтадан қалыпты жұмыс режиміне көшті. 

Жандос Темірғали                          

Хабарламаларға жазылу