Интернеттің жылдамдығына байланысты онлайн оқуда кедергі көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Интернеттің жылдамдығына байланысты онлайн оқуда кедергі көп

10.09.2020

Онлайн оқуды оңайлату үшін операторлар «Білім» атты тарифты іске қосты. 990 теңге тұратын қызмет отандық оқу платформаларын шексіз пайдалану мүмкіндік береді. Алайда халық арасында кеңінен пайдаланылатын шетелдік платформалар ақылы болып қала береді. 

Әшкейдің онлайн оқитын екі баласы бар. Әдетте бір айға жететін 100 гигабайтты қос оқушы бір-ақ аптада тауысып тастаған. Қызметтің қомағайлығы өз алдына, сапа сын көтермейді. 

Ерген Әшкей, қала тұрғыны:

- Бір балада күніне 7-8 сабақ өтеді. Интернеттің нашарлығына байланысты түрлі проблемаларға кезігіп жатырмыз. 

Арыстан Әшкей, мектеп оқушысы:

 - Zoom конференциясынан өзінен-өзі шығып кетеді. Ең басты проблемалары осы.

Елорданың кей аудандарында сымсыз интернет қызметі ғана бар. «Кең жолақты интернет тым қымбатқа түседі, - дейді ұлттық оператор. Ал Wi-Fi роутерлардың тартпай қалуын үйлердің жөн-жосықсыз салынуынан көреді. 

Дамир Сейсембеков, «Қазақтелеком» орталық телекоммуникация дирекциясының коммерциялық директоры:

- Ресми статистика бойынша мысалы, Қосшыда 20 мың тұрғын бар. Ал біздің ұялы операторлар жүйесінде әсіресе демалыс күндері 80 мың адамға дейін қолданушы анықталады. Есеп 20 мыңға жасалғандықтан 80 мың тіркелушіні жүйе тарта алмайды.

Халық тығыздығы дұрыс есептелмейді деген оператор біздің тараптан ешқандай техникалық ақау жоқ деп шаң жуытпады. Ал құзырлы министрлік проблеманың барын мойындайды.  

Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

- Интернетке қатысты елімізде проблемалар бар екенін түсініп отырмыз. Алайда мұның бәрі инфрақұрылымдық жобаларға байланысты және оны бір күнде, тіпті бір жылда шешу мүмкін емес. 

Азамат Алдоңғар, тілші:

 - Азаматтар «Байланыс.бар» сайтында интернет жылдамдығына шағым айта алады. Алайда дәл қазір аталған қызмет жұмыс істемей тұр. Ал әзіргі министрдің ата-аналарға берер екі кеңесі бар. Бірі – білім тарифын қосып отандық онлайн платформаны таңда, болмаса қашықтан оқудан құтылғанша сабыр ет. 


Азамат Алдоңғар

Хабарламаларға жазылу