Оқушылар бірінші тоқсанды қашықтан оқиды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оқушылар бірінші тоқсанды қашықтан оқиды

10.09.2020

Қандай қиындықтар болмасын қашықтан оқыту жалғасады. Себебі елдегі эпидахуал әлі тұрақталған жоқ. Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов осылай деді. Вирустың балаларға жұғу қаупі жоғары екенін шетелдегі жағдайлар көрсетіп отыр. Әрі, олар тасымалдаушы, сыныптастары мен ұжымға, ата-анасына жұқтыруы мүмкін. Біреуі ауырса бүкіл сыныпты карантинге жіберуге тура келеді. Ал бастауыш сыныптарға санитарлық талаптарды түсіндіру қиын. Сабақ басталғалы екі апта инкубациялық кезең әлі өтпегендіктен анализ жасауға ерте. Сондықтан бірінші тоқсанда қашықтан оқыту форматы жалғасады.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

- Ресейде бүгінгі өсім деңгейі - 0,5, Өзбекстанда - 0,9, Тәжікстанда - 0,4 пайызды құрап отыр. Олардың бәрімен біз тығыз қарым-қатынаста отырмыз. Сондықтан мектептердің жұмысын, оқу процесін қашықтан оқыту бағытына ауыстыру туралы шешім балалардың, сонымен қатар ұстаздардың денсаулығын барынша сақтау мақсатынан туындап отыр.

Ал Денсаулық сақтау министрі бұл мәжбүрлі шара екенін айтады. Себебі, жабық ғимаратта вирустың жұғу қаупі жоғары. Министрдің сөзінше, 15 қыркүйектен 15 қазанға дейін вакцинация жүргізіледі. Бұл тұмауға қарсы екпе. Ал алдағы уақытта министрлік тиісті нәтижені Ведомствоаралық комиссияға жібереді. Сол кезде қашықтан оқытуды екінші тоқсанда жалғастыру-жалғастырмау мәселесі белгілі болады.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу